Екі тәжік азаматы Озоди радиосына берген сұқбатында АҚШ-қа Мексика арқылы келгенін айтты. Оның сөзінше, мұнда 100-ге жуық тәжікстандық бар.
Олар АҚШ-тан босқын мәртебесін сұрағанын және арыздары қаралып жатқанын білдірді. Олар Ресей паспортымен Мексикаға дейін келіп, ол жақтан заңсыз АҚШ-қа өтіп кеткен.
Көптеген тәжік мигранттары уақытша қамау орталығында 4-6 айдан бері сот шешімін күтіп жатыр екен.
26 жастағы тәжікстандық жігіт 2023 жылдың қазан айынан бері түзету орталығында екенін айтады.
"Қазір бізге қайнатылған күріш пен бұршақ ғана береді. Біз мигранттар есебімізді ақшамен төлеуіміз керек. Көбімізде ақша таусылған. 10 күн аштық жарияладық, бірақ ешқандай нәтиже болмады", - дейді ол.
Ресей Украинаға басқыншылық жасағаннан кейін, Мексика арқылы АҚШ-қа кірген мигранттар саны артты. Олардың көбі босқын мәртебесін алуға әрекет етеді. АҚШ-тың көптеген аймағында мигранттар ұсталып, айыппұл төлеген соң босатылады. Кейін олар ұзақ уақыт бойы босқын мәртебесін алу үшін әрекет жасайды.
Душанбедегі АҚШ елшілігі тәжікстандықтарға Құрама Штаттарға бару үшін тек заңды жолдарды қолдануға үндеп келеді.