HRW жариялаған мәлімдемесінде соңғы жылдары Өзбекстанда "мемлекетке қастандық жасады" деген айыппен қамауға алынған адамдардың аяусыз азапталғаны жөнінде дәлелді құжаттар бар екенін білдірген.
"Өзбекстанда Мұратовқа қарсы қозғалған қылмыстық іс — бұл құқық қорғаушыға қарсы бағытталған жаза екенінің анық көрінісі. Қазақстан оны дереу босатуы тиіс", - дейді HRW Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман.
Оның айтуынша, адам құқығы бойынша халықаралық келісімдер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кез-келген келіссөздерден биік тұрады.
"Қазақстан халықаралық заңдарға сәйкес Мұратовты Өзбекстанға бермеуі тиіс. Ол онда саяси қуғын көріп жатыр",- дейді Ритман.
23 ақпанда Алматы қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Ақылбек Мұратовқа "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігін беру туралы шешім қабылдаған.
Ақылбек Мұратовты Өзбекстан сұрауы бойынша ақпанның ортасында Алматы полициясы ұстап, экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген. 17 ақпанда Мұратовты 40 күнге қамағаны мәлім болған.
Ақылбек Мұратовқа Өзбекстан "Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаппай тәртіпсіздікке, азаматтарға күш қолдануға шақырды", "Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатер төндіретін материалдарды сақтап, таратты және көрсетті" деген айып тағып отыр.
Адвокаттың ақпаратына қарағанда, Өзбекстан билігі "2022 жылы шілдеде болған Нөкіс оқиғасының 500 күндігі қарсаңында - "2023 жылы 13 қарашада үйдегі жарықты 16 минут өшіру (белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов Нөкіс оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған -ред.) жөнінде бастама көтеріп, жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деп есептейді.
Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының жетекшісі, Өзбекстан азаматы Ақылбек Мұратовтың Қазақстанда өмір сүргеніне 10 жылдан асқан.
2022 жылы қантөгіспен аяқталған Нөкіс оқиғасынан соң Өзбекстан билігі Мұратовты "конституциялық құрылысты құлатпақ болды", "жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деп айытпаған. Белсенді бұл айыпты "жала" деп санайды.
Қарақалпақтардың өзге белсенділері Ақылбек Мұратовтың қамауға алынғанын белсенділігімен байланыстырады. Мұратов Ташкент саясатын қатаң сынап, Өзбекстандағы адам құқығы мәселесін жиі көтеріп жүрген.