Юсуфзода Коммерциялық институттың оқытушысы Исмоил Рахмоновты ұрлап әкетіп, өлтірді деп айыпталып жатыр. Айыпталушының адвокаты мемлекеттік айыптаушының талаптарымен келіспейді.
Прокурордың сотта берген дәйегінше, өлімге алып келген қызғаныш: Акмал Юсуфзода Фейсбук мессенджерінен Исмоил Рахмонов пен оның әйелінің бір-біріне жазған хатын оқып қойған. Юсуфзоданың әйелі Коммерциялық институтта ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Марқұммен бірге жұмыс істеген.
Бірақ Рахмоновтың туыстары оның Юсуфзоданың әйелімен қандай да бір қарым-қатынаста болғанын жоққа шығарады.
Тергеу мәліметінше, 2023 жылдың маусым айында Акмал Юсуфзода Исмоил Рахмоновтан кек алуды көздейді. Оны өзінің көлігіне салып, қол-аяғын байлап дарияға ағызып жіберген делінген. Бірақ әлі күнге дейін оқытушының денесі табылмаған.