Ссылки доступа

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның төрт компаниясы АҚШ санкция тізіміне енді


Әуе, теңіз және автожолдар арқылы жүк тасумен айналысатын Polarstar Logistics компаниясы мен оның Ташкенттегі өкілдігі АҚШ жариялаған санкция тізіміне кірді. Бұл туралы АҚШ қаржы министрлігі хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, Polarstar Logistics компаниясының басқару кеңсесі Дубайда орналасқан. Министрлік бұл компанияны не себепті қара тізімге қосқанын түсіндірмеген.

23 ақпанда АҚШ оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың түрмеде өлуіне, Ресейдің Украинаға басып кіруіне екі жыл толуына байланысты Ресейге қарсы жаңа санкцияларын жариялады.

Бұның алдында АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Виктория Нуланд Вашингтон Ресейге қарсы «жойқын» санкциялар топтамасын дайындап жатыр деп мәлімдеген. Мәліметтерге қарағанда, санкциялар пакетінде «жүздеген» шектеу болады.

Бұған қоса, Қазақстанда тіркелген Da Group 22 және Elem Group компаниялары, Қырғызстанда тіркелген Ukon компаниясы да АҚШ-тың жаңа санкцияларына ілікті.

Қазақстандық ақпарат құралдарының мәліметінше, Da Group 22 пен Elem Group электронды заттар мен телекоммуникация құрал-жабдықтарын, қосалқы бөлшектер сатумен айналысады.

АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, Ukon қырғыз компаниясы Ресейге америкалық ұшақтардың бөлшектерін жеткізумен айналысқан.

XS
SM
MD
LG