Ссылки доступа

Мирзияев пен оның туыстарын сынаған өзбек блогері ұсталды


Блогер Гули (Гүлноз) Мирзаева (сол жақта) блогерлер Әбдуқодир Мүмінов пен Дильдор Боймұродова президент Мирзияев пен оның туыстарын сынағаны үшін сотталды деп мәлімдеген.
Блогер Гули (Гүлноз) Мирзаева (сол жақта) блогерлер Әбдуқодир Мүмінов пен Дильдор Боймұродова президент Мирзияев пен оның туыстарын сынағаны үшін сотталды деп мәлімдеген.

Ферғаналық блогер Гули (Гүлноз) Мирзаеваны 24 ақпанда Қашқадария облысы Мүбарек аудандық милициясының қызметкерлері ұстады. Ресми расталмаған мәлімет бойынша, блогер ақша бопсалады деген күдікпен қамауға алынған.

Мүбарек аудандық әкімшілігінің бір өкілінің айтуынша, Мирзаева «Мубарек газ өңдеу зауытының басшылығын сынауды доғару үшін ақша талап еткен».

Қазір блогерді тергеп жатыр. Әзірге осы іске қатысты ешқандай ресми мәлімет таратылмады.

Гули Мирзаева әлеуметтік желілерде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен оның туыстарын, атап айтқанда үлкен қызы Саида Мирзияеваны да сынаған.

Гули Мирзаева президент отбасын «зәулім сарайлар тұрғызғаны, жемқорлықпен айналысқаны, билікке туыстарын тартқаны үшін» айыптады.

Гули Мирзаеваны жақын танитын белсенділердің айтуынша, блогерді Мүбарек ауданында орналасқан газ өңдеу зауытындағы жемқорлықты әшкерелегені үшін қудалап жатыр. Мәліметтерге қарағанда, Мирзаеваны былтыр жазда да соттап, оған айыппұл салған. Ол Ресейде тұрған, бірақ Өзбекстанға депортацияланған.

Кейінгі бір жылда Өзбекстанда онннан астам блогер мен әлеуметтік желідегі белсенді сотталды. Оларға ақша бопсалады, президенттің ар-намысына тиді деген айыптар тағылды. Сотталғандардың дені үкіметті, президент Шавкат Мирзияев пен оның билікте отырған туыстарын сынаған.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының сөз еркіндігіне қатысты былтырғы рейтингінде Өзбекстан төрт саты жоғалтып, 137-орынға тұрақтаған.

XS
SM
MD
LG