Ссылки доступа

Қырғыз үкіметі уран және торий өндіруге тыйымды алып тастауды ұсынды


Қырғызстан үкіметі елде уран және торий кеніштерін барлау мен өндіруге рұқсат сұрады. Ол үшін өндіріске тыйым салатын заң күшін жоғалтуы тиіс. Заң жобасы 26 ақпанда халық талқылауына ұсынылды.

Сонымен бірге үкімет уран мен торий өндірісінің экология мен адам денсаулығына тигізетін зиянын азайтуды көздейтін бірқатар шараны қолға алмақ.

Бұның алдында Қырғызстанда уран мен торий өндірісіне тыйым салатын заңның күші жойылуы мүмкін екенін президент Садыр Жапаров мәлімдеген. Ол 19 ақпанда Ыстықкөл облысы тұрғындарымен кездесіп, халыққа Қызыл-Омпол уран кенішін өндіруге рұқсат сұраған.

Президент әкімшілігінің мәліметінше, Қызыл-Омпол кенішінде 14 млн 757 мың тонна кен бар. Оның 95 пайызы титанды магнетит, 3 пайызы фосфор, 2 пайызы цирконий, 0,22 пайызы торий және 0,17 пайызы уран.

Қызыл-Омполдағы уран өндірісін қайта жандандыру мәселесі 2019 жылы да қозғалған. Алайда Бішкек пен Ыстықкөл облысындағы наразылық акцияларынан кейін билік одан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG