Ссылки доступа

West Oil Software тағы 50 ереуілшіні жұмыстан шығарғанын мәлімдеді


West Oil Software компаниясы ереуілге шыққан тағы 50 жұмысшымен еңбек келісшартын бұзғанын хабарлады.

“Компания ереуілді заңсыз деп таныған сот шешіміне сүйене отырып, өндірістік қажеттілікке байланысты бүгіннен бастап 50 қызметкермен еңбек шартын бұзатынын хабарлауға мәжбүр” деп жазылған хабарламада.

Компанияның айтуынша, жұмыстан шығару процесі “жоспарға сай” жүргізілмек. Жұмыстан шығарылған қызметкерлердің орнына жұмысқа кезекте тұрған азаматтар алынады. Компанияның айтуынша, "кәсіпорыннан шығарылған" қызметкерлердің жұмысқа орналасуына әлі де мүмкіндіктері бар.

Ал ереуілшілер “Власть” басылымына берген сұхбатында ереуілді жалғастыра беретінін және “жұмыстан шығару туралы хабарламаларға үйреніп қалғанын” айтты. Дегенмен олардың сөзінше, кейінгі кезде ақпараттық шабуыл үдеген.

Бұның алдында West Oil Software компаниясы "ереуілдегілерді келіссөз үстеліне шақырудан нәтиже шықпағанын", 88 адам жұмысқа қайта кіріскенін мәлімдеген.

West Oil Software — "Маңғыстаумұнайгазға" көлік қызметін ұсынатын компания. Ондағы жұмысшылар ереуілі 11 желтоқсанда басталған.

XS
SM
MD
LG