Халық майданының бұрынғы командирі Худжа-командирдің оққағары Юсуф (Журабев) Салихов 1992 жылы күзде он содырмен бірге Хуросон ауданында бір отбасының 22 мүшесін өлтіруге қатысқан деп танылды.
Сот процесіне қатысқан адамдардың бірінің айтуынша, Юсуф Салихов соттағы соңғы сөзінде өзін кінәлі деп санамайтынын, содырлармен бірге болғанын, бірақ ешкімді өлтірмегенін айтқан. Марқұмдардың туыстары сот үкімін тым жұмсақ деп есептеп, істің қайта қаралуын талап етіп отыр.
Сот үкімін Бохтар қалалық сотының судьясы Наджмиддин Садриддинзода 23 ақпанда оқыған. Оның айтуынша, Юсуф Салихов жазасын тәртібі қатаң колонияда өтейді.
Мәліметтерге қарағанда, Салихов 2023 жылғы шілдеде Ресейде ұсталған. Оны Тәжікстан билігінің сұратуымен Душанбеге экстрадициялаған. Содан бері ресми Душанбе ол туралы ешқандай мәлімет жарияламады.
Бахтовар Абдуллоев – қанды оқиғада тірі қалған санаулы адамның бірі. Ол кезде Бахтовар 11 жаста болған.
«Содырлар тоғыз ер азамат пен он үш әйелді өлтірді. Олардың арасында менің әпкем, анам және әжем бар. Олардың ең кішкентайы 10 жаста, ең үлкені 55 жаста еді. Менімен бірге немере әпкем Бибихол тірі қалды» дейді азамат соғысы кезіндегі қайғылы оқиғаның куәгері.