«Мені іздеп «таппас» бұрын, олар [милиция қызметкерлері] 68 жастағы зейнеткер әпкемнің мазасын алып, Чилинзар аудандық ішкі істер бөліміне шақыртқан. Әпкеме бармаңыз деп айттым. Мен әпкеме Лондоннан хабарластым» дейді журналист.
Оның айтуынша, мұндай жағдай Лондонда журналист болып істеп жүрген 20 жылда алғаш рет болып отыр. «Бір қызығы, мен 2017 жылдан бері Чилинзарда тұрмаймын. Мен Өзбекстанның Лондондағы елшілігінде тіркелгенмін».
Ішкі істер бөлімінің Жасур есімді өкілі толық аты-жөні мен қызметін айтудан бас тартқан, бірақ Өзбекстан туралы «теріс» пікір қалдырғаны үшін президент әкімшілігінен тапсырма түскенін ескерткен. Журналистің фейсбукте 1 ақпанда жариялаған жазбасында ешкімнің аты-жөні аталмаған.
«Хокимнің қала орталығындағы саябақты құртып, өз қалтасын толтыру үшін Диснейленд тұрғызғаны демократиялық елдерде үлкен дауға ұласып, талай адамның басы кетер еді. Алайда Өзбекстан, әлбетте, басқа тәртіппен өмір сүреді. Рас қой, оны қазбалап қайтеміз?» деп жазған Ибрат Сафо.
1 ақпанда Ташкент қаласының бұрынғы әкімі Жахонгир Артықхожаев жеті компаниясын сатқанын мәлімдеген (кейін 12 компаниясы сатылғанын айтқан). Олардың арасында Magic City бар. Ол 2021 жылғы маусым айында Ұлттық саябақ орнында ашылған.