Ссылки доступа

Ресей еңбек мигранттарын діни сеніміне байланысты депортациялап жатыр (видео)


"Олар телефонымды қосып, ютубтан «ОМОН ворвался в мечеть» деп аталатын видеоны тауып алды". Еңбек мигранттары Ресейден қандай себеппен депортацияланғанын айтты.

Ресейде Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттарын діни себеппен депортациялау жиіледі.

Күш құрылымдары шетел азаматтарының телефондарын тексеріп, діни мазмұндағы видео іздейді, материалдардың қандай ағымға қатысы барын тексереді. Содан кейін еңбек мигранттарына діни экстремизм, Ресейде тыйым салынған ұйымға қатысы бар деген айыптар тағып, оларды елден депортациялайды.

Азаттықтың «Мигрант Медиа» жобасы осындай бірнеше оқиғаны анықтады.

Қамбат есімді қырғыз азаматы бірнеше жыл Ресейде жұмыс істеген. Бірақ оның Мәскеуге соңғы сапары сәтсіз аяқталды: әуежайға түскен мигрантты тергеп, артынша елге депортациялап жіберді. Әуежайдағылар Қамбарға «ФҚҚ сені экстремистік ұйымдар тізіміне енгізген» деп айтқан.

«Олар менің телефонымды сұрады. Мен ютубта Мақсат Ажы, Чубак Ажы секілді дін өкілдерінің дәрістерін тыңдағанмын. Олар соны көріп, «Таблиғи Жамаат» Ресей экстремисті ұйым деп танылғанын айтты» дейді Қамбар.

Тағы бір қырғыз азаматы Нұрәзім дәл осыған ұқсас оқиғаға тап болды. Оған Ресейге кіруге 49 жылға тыйым салынған. Мәскеуге ұшып келген Нұрәзімді әуежайда тексерген. Оның айтуынша, әуежайда негізінен сақал қойған ер азаматтарды тоқтатды, намаз оқитын-оқымайтынын сұрайды.

«Олар телефонымды қосып, ютубтан «ОМОН ворвался в мечеть» деп аталатын видеоны тауып алды. Осындай видео көру арқылы сол адамдардан үйреніп жүрсің деп айтты» дейді Нұрәзім.

Қырғызстандық заңгер Мирлан Тоқтобеков кейінгі уақытта Ресей шетел азаматтарын діни себеппен жиі депортациялап жатыр деп есептейді. Заңгердің пікірінше, ресейлік органдардың өкілдері дін мәселесін жетік білмейді, кімге тыйым салынғанын, кімге тыйым салынбағанын ажырата алмайды. Сол себепті ол еңбек мигранттарына Ресейге барар алдын діни мазмұндағы видеоларды өшіріп тастауға кеңес берді.

XS
SM
MD
LG