Қырғызстан Жоғарғы сотының 2023 жылғы 10 қарашадағы шешімімен, журналист Диля Юсупова 100 мың сом, ал «ПроМедиа Плюс» (Kaktus.media құрылтайшысы) 500 мың сом төлеуі керек.
«21 ақпанда редакцияға сот орындаушысы келіп, сот шешімін өз еркімен орындау жөнінде құжат тапсырды. Диля Юсупованың оны төлеуге ақшасы жоқ. Редакция қаражаттың бәрін жұмысшылардың айлығын, салықтарды және әкімшілік шығындарды төлеуге жұмсап отыр» дейді редакциядағылар.
Басылым мәліметінше, «ПроМедиа Плюс» қоғамдық қоры 28 ақпанда қазынаға 100 мың сом аударып, қалған 400 мың сомды 1 мамырға дейін өтеуге уәде берген.
Естеріңізге сала кетейік, «Вечерний Бишкек» газеті 2023 жылғы ақпанда Kaktus.media басылымының үстінен сотқа арызданған. Шағымға сайттың газеттің жабылып жатқаны туралы материалы себеп болған. Арызданушы жауапкерден 50 млн сом өндіріп алғысы келген.
Бішкектің 1-май аудандық соты арызды ішінара қанағаттандырған. Қалалық сот пен Жоғарғы сот алғашқы инстанция шешімін күшінде қалдырған.
Kaktus.media сайтта жарияланған материалда шындық жазылғанын, себебі «Вечерний Бишкек» газеті әлі күнге дейін шықпай тұрғанын алға тартқан. Алайда сот басылым заңгерінің уәждерін ескермеген.