Орындалуы міндетті емес қарарда Ресей әлі күнге дейін Арменияның экономикасына айтарлықтай әсер етіп жатқаны, сол себепті Ереван Мәскеудің ЕО санкциясын айналып өту мүмкіндігі мәселесіне назар аударуға тиіс екені жазылған.
Еуропарламент сонымен бірге Еуропа компаниялары мен инвесторларды Армениямен экономика және сауда қатынасын нығайтуға үндеді. Одан бөлек, қарар авторлары Ереванның армян қарулы күштеріне қолдау көрсету туралы өтінішін орындауға да шақырды.
Бұдан бөлек, құжатта кейінгі жылдары Аррменияда едәуір саяси өзгерістер болғаны және үкімет демократиялық институттардың жұмысын қамтамасыз ету міндетін мойнына алғаны жазылған.
Құжатта сонымен бірге Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүшелігін тоқтату туралы "өтініші" де айтылады. Қарар авторлары Армения осылайша Ресейге тәуелділігін азайтуға тырысып жатыр деп санайды.
Қрарда сонымен бірге былтыр қыркүйек айындағы Әзербайжанның әскери операциясынан кейін армяндардың Қарабақ аумағынан жаппай үдере көшкені де баяндалады. Еуропарламент жергілікті халықтың құқықтарын сақтай отырып, Баку мен Ереванның тұрақты түрде бейбітшілік орнату талпынысын қолдайтынын мәлімдеді.
Депутаттар ЮНЕСКО-ны Қарабақтағы армян мәдени мұрасын қорғау және сақтау бойынша дереу шара қабылдауға шақырды.
Еуропарламент қарары Ереван Мәскеуге қатысты сыни мәлімдемелер жасаған кезде қабылданып отыр. Атап айтқанда, Армения жуырда ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтату мүмкіндігі жөнінде ескерткен, ал премьер-министр Никол Пашинян бірнеше ай бұрын Мәскеу "армян халқын үкіметті құлатуға ашық түрде шақырғанын" айтқан.
Мәскеу Ереванның мәлімдемесін "мәнсіз риторика" деп атап, Батыс елдерін Арменияға "қысым жасап отыр" деп айыптады.
Ал Батыс елдері Ресейді үшінші елдер арқылы, оның ішінде Армения арқылы да санкцияны айналып отыр деп кінәлаған. Ақпарат құралдарының мәліметінше, Армения Мәскеу үшін санкцияны айналып өтетін ірі "хабтардың" біріне айналған. Ресми мәлімет бойынша, Армениядан Ресейге тасымалданатын тауар экспорты 85 пайызға артқан, 80 пайызы реэкспортты құрайды.
Қаржы мамандарының есебінше, жалпы алғанда Армениядан Ресейге экспорт көлемі соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 430 пайызға ұлғайған.