Ссылки доступа

«Жігіт сөзі» сериалының авторы Ташкентке келеді


"Жігіт сөзі" сериалынан алынған кадр.
"Жігіт сөзі" сериалынан алынған кадр.

Кейінгі бірнеше айда әлеуметтік желілерде Ресейде түсірілген «Жігіт сөзі» сериалындағы «қанатты сөздер» жиі қолданылып жүр. Сериал кейіпкерлеріне еліктейтіндер де көбейді.

2023 жылдың аяғында жарыққа шыққан сериал көше бұзақылары мен мафия өкілдерінің өмірін баяндайды. Путин «қайта сайланар қарсаңында» түсірілген-мыс дейтін сериалға әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған.

Сериалда көрсетілген оқиға 1980-жылдардың аяғында Қазан қаласында өрбиді. Басты кейіпкер – 14 жастағы Андрей көшенің қатал заңдарымен бетпе-бет кездеседі.

Қазақстанда бұл сериалға тыйым салу мәселесі талқыланған, Қазақстандық шенеуніктер қылмыс әлеміне еліктеу бар деп қауіптенген. Бірақ Өзбекстан оған тыйым салмақ түгілі, сериалды өзбек тіліне аударған.

«Жігіт сөзі» сериалының сценариін жазған ресейлік драматург Андрей Золоторев 19 наурызда Ташкентке келіп, шеберлік сабағын өткізеді.

Ташкенттік саясаткер Әнуар Нәзірдің пікірінше, зорлық-зомбылық пен көше заңдарына көп көңіл бөлінген фильм авторының Өзбекстанда шеберлік сабағын өткізуі – Ресей үгіт-насихатының бір бөлігі.

«Ресей пропагандасына есігін айқара ашты. Қазақстан мен Қырғызстанға қарағанда, Өзбекстан ұстанымы жұмсақ болды, Ресейді басына отырғызып алды. Путиннің үгіттеушілері Ташкентке емін-еркін келіп жүр. Ресей пропагандасымен бірге елімізге зорлық-зомбылық пен империализм идеялары да енеді» деп қауіптенеді Әнуар Нәзір.

Кремль жақтасы, Қырымның аннексиясын ашық қолдайтын ресейлік режиссер Никита Михалков екі жыл бұрын Ташкент кинофестиваліне, ал былтыр Театр фестиваліне келген.

XS
SM
MD
LG