Ол мұны "арандату әрекеті" деп атады. Түрме әкімшілігі және қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен департаменті әзірге жауап бермеді.
Марат Дәнебаевтың мәлімдемесін тіркелген Qaharman Kz құқық қорғау ұйымы 14 наурызда жариялады. Топтың жазуынша, Тимур Дәнебаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын түрмеден босап шығу туралы өтініш жазу мерзімі 2 наурызда келген. Бірақ дәл сол күні "оған камералас адам шабуылдап, жанжал шығаруға тырысқан".
"Бұрын бұл адам өзге де камераластарына шабуылдаған, бірақ ол кезде түрме қызметкерлері реакция білдірмеген. Бірақ Тимурға шабуыл жасалған күні оқиғаны тіркеп, оны Тимурдың ісіне тіркеу үшін (әрі қарай шартты түрде мерзімінен ерте босату туралы өтінішті кері қайтару мақсатында пайдалану үшін - М.Д) қызметкерлер келді. Дәл осы камералас адам арқылы билік Тимурға қоқан-лоқы көрсеткен. Тимур Дәнебаев өзін өзге камераға ауыстыру туралы өтініш жасаса да, өтініші орындалмады" деп жазды Марат Дәнебаевтың сөзіне сүйенген Qaharman Kz құқық қорғау ұйымы.
Ақпаратқа қарағанда, қазір Тимур Дәнебаев өзге палатаға ауыстырылған. Марат Дәнебаев бауырына тағы да арандату әрекеті болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Адвокат Мейіржан Досқараев Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында "Сейсенбіде Тимурмен жолыққанмын. Не болғанын айтып берді. Ол Бегаз деген сотталған азамат. Екеуі де азаптау туралы іс бойынша жәбірленуші. Сондықтан мен ол екеу арасындағы бас араздыққа ондай баға бере алмаймын" деді.
14 наурызда Азаттық Тимур Дәнебаев отырған N64 мекемеге хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген адам түрме бастығы Сүйіндік Малғаждарұлының нөмірін берді. Азаттық хабарласқан кезде телефонда факс қайта-қайта қосылып кетіп жатты. Ал түрме бастығының жалпы істер жөніндегі орынбасары Талғат Тасболат "қазір тәрбие жөніндегі орынбасар демалыста екенін, өзі тілші сұрағына жауап бере алмайтынын, ресми хат жолдауды" өтінді. Астана қаласының қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі де жауап бермеді.
38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы 23 желтоқсанда қамауға алынған. Былтыр маусымда сот оны "араздық тудырғаны үшін" үш жарым жылға бостандығынан айырған. Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасы кезінде ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған, Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптаған. Тимур Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен үкім күшінде қалған.
2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Тимур Дәнебаев "Алматыға 20 бандит шабуыл жасады" деген президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қылмыстық жауапқа тартуға шақырған.
Былтыр қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Ақмола облысы Атбасар қаласындағы түзеу колониясында түрме қызметкерлері жазасын өтеп жатқан бірнеше адамды резеңке таяқпен ұрып-соққаны көрсетілген видео тарады. Азапталғандардың арасында Тимур Дәнебаев та болған. Видео қоғамда резонанс тудырып, азаптауға қатысы бар қызметкерлер қызметтен босағаны белгілі болды. Ізінше Тимур Дәнебаев Астанадағы N64 мекемеге ауыстырылған еді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Тимур Дәнебаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Еуропарламент 17 қаңтар күнгі қарарында Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға үндеп, құжатта Тимур Дәнебаевтың да есімін атаған.
Қаңтар айында туыстары түрмеде азапталған Тимур Дәнебаевқа шұғыл ота жасау қажеттігін айтқан еді.