Ссылки доступа

Алматы прокуратурасы соттан қарақалпақ белсендісі Мұратовты бір жыл қамауда ұстауды сұрады


Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасы 18 наурызда қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовты қамауда ұстау мерзімін бір жылға ұзарту туралы қаулы шығарып, сотқа жіберді. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің әпкесі Фариза Нарбекова хабарлады.

Мұратовтың Х желісіндегі парақшасында шыққан құжаттарға қарағанда, Өзбекстан Бас прокуратурасы 2024 жылғы 29 ақпанда Қазақстан Бас прокуратурасына хат жолдап, қылмыстық жауапқа тарту үшін белсендіні Өзбекстанға қайтаруды сұраған.

Фариза Нарбекова Мұратов басқа да қарақалпақ белсенділері сияқты бір жыл түрмеде отыруы мүмкін дейді. Ол мұны әділетсіз жағдай деп есептейді. Нарбекова бауыры өзінің және басқа адамдардың құқықтары үшін күрескенін айтады.

Өзбекстан билігі Ақылбек Мұратовқа "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған.

Ақылбек Мұратов қазір Алматыдағы уақытша қамау изоляторында отыр. 15 ақпанда оны Алматы полициясы ұстап әкеткен, туыстары оны алып кетуге келгендер арасында Өзбекстан құзырлы органы қызметкері де болғанын айтқан. Кейін Алматы соты белсендіні 40 күнге қамады.

23 ақпанда Алматы қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Мұратовқа "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігін беру туралы шешім шығарған.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Қазақстан билігіне осы уақыт аралығында Мұратовты экстрадициялау туралы өтініш түссе, онда өтініш қаралғанша белсендіні қамау мерзімі бір жылға дейін ұзартылуы мүмкін екенін айтқан.

  • Нөкіс оқиғасынан кейін Қазақстанда бес қарақалпақ белсендісі ұсталған. Олардың қатарында Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар.
  • Оларға Өзбекстан билігі "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, іздеу салған. Белсенділердің бірі Тілеубике Юлдашева Қазақстаннан Ресейге өтпекші болғанда шекарада тұтқындалды. Қазақстан билігі олардың босқын мәртебесін сұрап берген арыз-өтінішін орындамады. Бесеуі де бір жылдан кейін босап шықты.

Өзбекстан азаматы 35 жастағы Ақылбек Мұратов Қазақстанда он жылдан астам уақыт тұрып келеді. 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанда наразылық акциялары күшпен басып-жаншылғаннан кейін Мұратов әлеуметтік желідегі парақшасында қарақалпақ белсенділерінің қудаланып жатқаны туралы тұрақты түрде хабарлап отырған. Былтыр қазанда Өзбекстан арнайы қызметі Мұратовтың Өзбекстандағы туыстарына қоқан-лоқы жасағаны жөнінде хабар тараған. Арнайы қызмет туыстары арқылы Мұратовқа Қарақалпақстандағы оқиға туралы жазуды тоқтат деп сәлем айтқан. Өзбекстан бас консулының көмекшісі одан "журналистер жағдайды қоздырып, әсірелемес үшін сөздерінің реңкін сәл жұмсартуды" өтінген.

XS
SM
MD
LG