Ссылки доступа

Қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовтың қамау мерзімі 12 айға ұзартылды


Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 20 наурызда қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовтың қамау мерзімін 12 айға ұзартты.

Мұратов 2025 жылдың 15 ақпанына дейін қамауда болады. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің әпкесі Фариза Нарбекова хабарлады.

Бір күн бұрын Алматы прокуратурасы соттан қарақалпақ белсендісі Мұратовты бір жыл қамауда ұстауды сұраған.

Өзбекстан билігі Ақылбек Мұратовқа "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған.

Мұратовтың Х желісіндегі парақшасында шыққан құжаттарға қарағанда, Өзбекстан Бас прокуратурасы 2024 жылғы 29 ақпанда Қазақстан Бас прокуратурасына хат жолдап, қылмыстық жауапқа тарту үшін белсендіні Өзбекстанға қайтаруды сұраған.

Мұратов және жақтастары істің саяси астары барын айтады. 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанда наразылық акциялары күшпен басып-жаншылғаннан кейін Мұратов әлеуметтік желідегі парақшасында қарақалпақ белсенділерінің қудаланып жатқаны туралы тұрақты түрде хабарлап отырған.

23 ақпанда Алматы қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Мұратовқа "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігін беру туралы шешім шығарған.

Өзбекстан азаматы 35 жастағы Ақылбек Мұратов Қазақстанда он жылдан астам уақыт тұрып келеді. Былтыр қазанда Өзбекстан арнайы қызметі Мұратовтың Өзбекстандағы туыстарына қоқан-лоқы жасағаны жөнінде хабар тараған.

Арнайы қызмет туыстары арқылы Мұратовқа Қарақалпақстандағы оқиға туралы жазуды тоқтат деп "сәлем айтқан". Өзбекстан бас консулының көмекшісі одан "журналистер жағдайды қоздырып, әсірелемес үшін сөздерінің реңкін сәл жұмсартуды" өтінген.

Жуырда халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Мұратовты Өзбекстанға экстрадицияламауға үндеді.

"Өзбекстанда Мұратбайға қарсы қозғалған қылмыстық іс – бұл ашық сын айтып жүрген құқық қорғаушыдан кек алу екені айдан анық. Негізсіз тағылған айып алынып тастауы керек, Қазақстан оны қамаудан дереу босатуы керек" деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша жетекші зерттеушісі Мира Ритман.

XS
SM
MD
LG