Бұл топ бейбіт акцияларға қатысып, қудалауға ұшырағандар туралы мәлімет жинаумен айналысады.
«Белсенділер экстремист емес» тобы ұсталған төрт белсендінің аты-жөні мен әкімшілік жаза мерзімін 22 наурызға қараған түні өзінің telegram-арнасында жариялады.
- Нұрбек Құлышев (Астана) - 20 тәулікке қамалды ("бейбіт жиындар туралы» заңды бұзғаны үшін)
- Нұржан Қажиғәлиев (Астана) - 20 тәулікке қамалды ("бейбіт жиындар туралы» заңды бұзғаны үшін)
- Уәлихан Негметов (Көкшетау) - 7 тәулікке қамалды.
- Руслан Нұрқанов (Өскемен) - 15 тәулікке қамалды ("бейбіт жиындар туралы» заңды бұзғаны үшін).
Бұның алдында Руслан Нұрқановты таппай жатқаны туралы мәлімет тараған. Белсенділер оны полиция ұстап әкетуі мүмкін деп болжаған.
Қазақстан билігі әзірге Наурыз мекересі күндері өтуі мүмкін акциялар кезінде ұсталғандар туралы ешқандай ресми мәлімет таратпады. Жұма күні «сот кеңсесі» сайтында аталған белсенділерге қатысты сот шешімдері болған жоқ.
«Белсенділер экстремист емес» құқық қорғау тобының хабарлауынша, 21 наурызда Қазақстанның кем дегенде бірнеше қаласында, солардың ішінде Орал, Талғар, Қобда қалаларында да белсенділердің үйіне сырттай бақылау орнатылғаны мәлім болған. Бұған қоса, Шымкентте белсенді Ермек Қонышбаев ұсталған.
Осы аптада Астанада белсенділер Сандуғаш Қаңтарбаева мен Венера Жанбаева ұсталғаны мәлім болған. Сот оларға 20 және 15 тәулік әкімшілік жаза белгілеген.
Астанада 20 тәулік әкімшілік жазаны Кантакан Әмренов, Әсет Кенжебеков, Айдар Сыздықов және Марат Мұсабаев өтеп жатыр.
Құқық қорғаушы топтың мәліметінше, Қазақстанның түрлі қалаларындағы белсенділер 21-23 наурыз күндері бейбіт наразылық акциясын өткізу туралы 20-дан астам өтініш беріп, ешқайсы рұқсат ала алмаған.