Ссылки доступа

Мәскеу соты теракт жасады деген күдіктілерді ұстады


"Крокус Сити холл" концерт залына шабуыл жасады деп айыпталған Далерджон Мирзоев.
"Крокус Сити холл" концерт залына шабуыл жасады деп айыпталған Далерджон Мирзоев.

Мәскеудің Басманный аудандық соты «Крокус Сити холл» концерт залында 22 наурызда теракт жасады деген күдікпен Далерджон Мирзоев, Саидакрам Рачабализода, Шамсидин Фаридуни и Мухаммадсобир Файзов есімді төрт адамды тұтқындау туралы шешім шығарды.

Бұл туралы Мәскеу соттарының баспасөз қызметі хабарлады. Sota-ның мәліметі бойынша, тұтқындалғандардың бәрі Тәжікстан азаматы.

Оларға топ болып террорлық акт жасады деген айып тағылды (Ресей Қылмыстық кодексінің 205-бабы, 3-тармағы, «б» пункті). Бұл бап бойынша 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Журналистердің күдіктілерге сұрақ қоюына мүмкіндік берілген жоқ, барлық отырыстар жабық өтті. Тергеуші ашық отырыс «тергеу құпиясын жариялауға алып келуі мүмкін» және «процесс қатысушылары мен олардың туыстарына қауіп төндіруі мүмкін» деді.

Фотоларынан күдіктілердің азапталғаны байқалды.

Далерджон Мирзоев

Сот залына алдымен Далерджон Мирзоевты кіргізді. «Медиазонаның» жазуынша, оның жасы 32-де, үйленген, төрт баласы бар. Ресейдің Новосибирск қаласында уақытша тіркеуде тұрған, бірақ оның мерзімі өтіп кеткен. Орыс тілін білмейтіндіктен, ол тәжікше сөйлеген, оның сөзін аудармашы аударып отырды. Мұның алдында кремльшіл RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян Мирзоевты тергеу сәтінен видео жариялады. Видеода оның бетінде көгерген із байқалмайды. Кейінгі фотода күдіктінің беті көгерген. Соттың мәліметі бойынша, ол кінәсін толық мойындаған.

Саидакрам Раджабализода

30 жаста, бір баласы бар. Сот одан «Орыс тілін білесіз бе?» деп сұрады. Аудармашы «түсінеді» деп жауап берді. Бірақ ол жауаптарға тәжік тілінде жауап қайтарып отырды.

Саидакрам Рачабализода
Саидакрам Рачабализода

Раджабализода Ресейде тіркеуде тұратынын, бірақ қай жерде екенін есіне түсіре алмағанын айтты. Бұл туралы «Медиазона» жазды. Сот баспасөз қызметі таратқан фотодан оның құлағы таңылып тұрғанын байқауға болады. Мұның алдында Ресейдің билікшіл телеграм-арналары оның құлағының шетін кескен видео таратқан. Сот мәліметі бойынша Раджабализода да кінәсін мойындаған.

Фаридуни Шамсиддин

Фаридуни Шамсиддин 25 жаста. Үйленген, 8 айлық баласы бар. Подольскідегі паркет фабрикасында қара жұмысшы болып істеген. Тергеу кезінде түсірілген видеода ол әлдекім телеграм арқылы хабарласып, «Крокус Сити холл» ғимаратына шабуылдау үшін 500 мың рубль ұсынғанын айтқан. Sota-ның жазуынша, ол да кінәсін мофындаған.

Бұған дейін оның азапталып жатқан фотосын «Вагнер» әсери тобына жақын Grey Zone телеграм-арнасы жариялаған. Онда оның шалбары шешіліп, денесіне ТА-57 әскери байланыс құралы бекітілген. Ол электр разрядын жіберу арқылы азаптау мақсатына да қолданылады.

Мухаммадсобир Файзов

Төртінші күдікті - 19 жастағы Мухаммадсобир Файзовты сот залына медициналық тасығышпен алып келді. Оның үстінде медициналық халат, зәр шығаратын түтікке ұқсас құрал көрініп тұрды. Ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан, сол жерде тергелген. Ұстау кезінде көзі шыққан. Дәлелденбеген ақпарат бойынша, ол қарулы қарсылық көрсеткен.

Мухаммадсобир Фаизов
Мухаммадсобир Фаизов

Ол Иванов қаласындағы шаштараз болып жұмыс істеген. Кей мәліметтер бойынша, Файзов қаладағы ең танымал шаштараздың бірі болған. Судья оны тұтқындауға байланысты сот отырысынан еріп келген дәрігерлерді де шығарып жіберген.

Тергеушілер қылмысқа түрткі болды деген себептер туралы ештеңе айтпады. Бұған дейін «Крокус Сити холл» концерт залына шабуылды «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы мойнына алған. Іс бойынша 11 адам ұсталды. Ұсталған басқа адамдар туралы ақпарат жоқ.

XS
SM
MD
LG