Ссылки доступа

"Крокус" ісі бойынша күдіктінің туысы: "Ол құсқа да зиян келтіре алмайтын"


Фаридун Шамсиддин, "Крокус сити холдағы" шабуыл бойынша күдіктілердің бірі
Фаридун Шамсиддин, "Крокус сити холдағы" шабуыл бойынша күдіктілердің бірі

Тәжікстанның құқық қорғау органдары 25 наурызда Фаридун Шамсиддиннің туыстарын сұрауға алды. Ол 22 наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити Холда" теракт жасағандардың бірі деген күдікке ілініп отыр.

25 жастағы Фаридун Шамсиддин Лойоби қышлағы Гиссар ауданында туып-өcкен. 24 наурызда ол ұсталып, екі айға қамауға алынған.

Озоди радиосына сұқбат берген оның туыстарының бірі Фаридун Шамсиддиннің жарты жыл бұрын Ресейге жұмыс істеуге кеткенін, ол жақтан отбасына ақша жіберіп отырғанын айтты.

Әлеуметтік желіде Фаридун Шамсиддинді сұрауға алып жатқан видео тарап кетті. Онда ол 4 наурызда Ресейде жүру мерзімін ұзарту үшін Түркия шекарасын кесіп, қайтып келгенін мәлімдейді.

Оның айтуынша, бір ай бұрын телеграм-канал арқылы уағызшының көмекшісімін деген белгісіз адам шығып, Мәскеуде теракт жасауға ұсыныс білдіріп, ол үшін жарты миллион рубль төлейтінін жеткізген.

"Ол қарапайым мигрант. Фаридунның терактіге қатысын естігінде, өзіміз шошып кеттік. Ол қорқақ болғаны соншалықты, қарғаны да өлтіре алмайтын", - деді сұқбат беруші.

Фаридун Шамсиддин 2022 жылы үйленген. Сегіз айлық баласы бар.

"Оның әйелін, ата-анасын Душанбеге сұрауға алып кетті. Ол Мәскеуде әпкесінің пәтерінде тіркеуде болған. Бұл оқиғадан кейін әпкесінің күйеуі оған "талақ" айтты. Ресей билігі оны үш баласымен Тәжікстанға депортациялады", - деді Фаридун Шамсиддиннің туысы.

Фаридун Ресейге барғанға дейін Гиссарда наубайханада істеген. Ол намаз оқымаған.

Озоди радиосының мәліметі бойынша, Фаридун Шамсиддин Тәжікстанда сексуалдық әлімжеттік жасады деген айыппен сотталып, 2020 жылы түрмеден шыққан. Әскери қызметін өтемеген.

22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залының ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, терактіден қаза болғандар 137 адамға жетті. 180-дей адам түрлі жарақат алды.

XS
SM
MD
LG