Ссылки доступа

"ҚазМұнайГаз" West Oil Software мұнайшылары талабының үштен бірін ғана орындайды


"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы West Oil Software мұнайсервис компаниясының материалдық-техникалық базасын жаңартуға келісті. Бұл жөнінде жергілікті басылымдар "ҚазМұнайГаз" басқармасының төрағасы Нұрсейіт Сүйіновке сілтеме жасап хабарлады.

West Oil Software мұнайшылары компанияның материалдық-техникалық базасын жаңартудан тысқары оларды "ҚазМұнайГаз" штатына кіргізуді және ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіруді талап еткен.

Сүйінов жұмысшылардың соңғы екі талабы орындалмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, көлік паркін модернизациялау аясында 2024 жылдың соңына дейін 70-тен астам техника сатып алынса, үш жыл ішінде 200-ден көп техника жаңаланады. Былтыр 17 жаңа техника іске берілген.

Жетібай кентінде West Oil Software компаниясының жұмысшылары 11 желтоқсаннан бері ереуілдетіп тұр. Олар компанияны "ҚазМұнайГаз" құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіруді, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген.

22 ақпан күнгі видеомәлімдемеде ҚМГ өкілі жұмысшылар "жұмыс тұрақсыздығына алаңдамай-ақ қойса болады", өйткені "ҚМГ еншілес компаниялар мердігер ұйымдарды тұрақты әрі ұзақмерзімді жұмыс көлемімен қамтамасыз етіп жатыр" деді. Ол "ұлттық компания жалақы мен әлеуметтік төлемдердің уақытында төленетінін бақылайды" деп сендіруге тырысты. Балуанов сонымен бірге компанияның техникасы "жаңа тарифтер мен лизингтік механизмдер арқылы тұрақты түрде жаңарып отыратынын" да айтты.

Ол сонымен қатар Жетібай кенішінде өндіріс базасы құрылысы жоспарланып жатқанын да атап өтті.

Бір күн бұрын West Oil Software басшылығы да жұмысшыларды “24 ақпанға дейін жұмысқа оралуға” үндеп, сол мерзімнен кейін “заңсыз ереуілшілермен еңбек келісімшартын бұзатынын” ескерткен.

Ал наразылар талаптары орындалмайынша тарамайтынын мәлімдеген. 22 ақпан күні Азаттық West Oil Software жұмысшыларына хабарласқанда наразылардың бірі "қазір өзара талқылап, ақылдасып, сосын жауабымызды айтамыз, бірақ талаптарымыз сол күйі қалады" деді.

Наразылар осыған дейін өздерінің талаптарын үкіметтің кеңейтілген отырысында қарауды талап еткен. Тәуелсіз кәсіподақ өкілдері бұған дейін Астанаға барып, ҚМГ және үкімет мүшелерімен келіссөз өткізуге талпынған. Алайда одан нәтиже шықпағанын айтқан.

Бұған дейін жұмысшылар өздеріне қысым жасалып жатқанына да шағымданған. Ал Қарақия аудандық соты ереуілді "заңсыз" деп тапқан. Жұмысшылар сот шешімін келіспей апелляциялық шағым түсірген, бірақ Маңғыстау облысының соты да ереуілді "заңсыз" деп шешкен.

XS
SM
MD
LG