22 наурыздан бастап осы уақытқа дейін Ресей құқық қорғау органдары Тәжікстанның сегіз азаматын теракт жасады деген күдікпен ұстап, қамауға алған. Қылмыстық істегі басты төрт күдікті сотқа келген уақытта олардың азапталғаны анық байқалды. Олардың бәрінің беті көгеріп, біреуінің құлағы кесілген, басына пакет кигізілген, тағы біреуіне зәр қабылдайтын құрал орнатылған.
Комитет үндеуі 30 наурызда Тәжікстан мен Ресей үкіметтеріне жолданған.
Үндеу авторларының пікірінше, «тәжік жағы да тергеу материалдарымен танысып, өз зерттеуін жүргізуі, күдіктілерге қатысты заң тәртібінің сақталуын қадағалауы тиіс».
Танымал құқық қорғаушы Ойнихол Бобоназарова да істі тергеуге тәжік жағына да қатысуы тиіс деп есептейтінін фейсбуктегі парағына жазған.
Бұған дейін хабарланғандай, Ресей тергеушілері Душанбеге келіп, «Крокусқа» шабуыл жасады деген күдікпен ұсталғандардың туыстарын тергеуге қатысқан.
Парламент депутаты Саидджафар Усмонзоданың Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, «елдің қауіпсіздік органдарының өкілдері бұл іске тартылған, топ Мәскеуге ұшып кеткен. Енді соның нәтижесін күту керек».
Комитет Ресей үкіметін тәжік еңбек мигранттарына қысым көрсетуді, оларды қудалауды доғаруға шақырған.
22 наурызда кешке бірнеше адам Мәскеу облысындағы «Крокус Сити Холл» концерт залына кіріп, адамдарды атқан, сосын ғимаратты өртеген. Кейінгі ресми мәліметтерге қарағанда, шабуылдан 144 адам қаза болып, 550-ден астам адам жараланған. Теракт жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» ұйымы өз мойнына алған.