Ссылки доступа

Қырғызстан президенті «шетел өкілдері туралы» заңға қол қойды


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «шетел өкілдері туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы ол 2 сәуірде фейсбуктегі парағына жазды.

Жапаровтың айтуынша, осы заңға қол қойғанға дейін Қырғызстанда жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдары ешжерде тіркелмеген, қызметі туралы есеп бермеген.

«Олар банк есептерін ашып, шетел донорларынан ақша алып, оны өз қалауымен, кейде жеке мақсаты үшін жаратқан. Енді олардың бәрі әділет министрлігінде тіркеледі. Банк есептерін ашады. Енді олар ашық түрде жұмыс істейді. Бұрынғыдай тәртіпсіздік болмайды» деп мәлімдеген президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қырғызстандағы үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері халықаралық донорларды алдап келген, сол себепті «шетел өкілдері туралы» заңға қол қоюға қарсы шыққан. Билік осы заң арқылы «бәрі ашық, тең жағдайда жұмыс істеуі керектігін көрсеткісі келеді».

Наурыздың аяғында жүзден астам үкіметтік емес ұйым мен белсенді президентке хат жолдап, заң жобасына қол қоймауды сұраған.

Заң баспасөзде жарияланғаннан он күннен кейін күшіне енеді.

Жогорку Кеңеш «шетел өкілдері туралы» заң жобасын 14 наурызда үшінші оқылымда қабылдаған. Құжат қабылданбай тұрып халықаралық құқық қорғау ұйымдары да парламенттен заң жобасын өткізбеуді сұраған.

Сарапшылар мен заңгерлердің пікірінше, «шетел өкілдері туралы» заң Ресейдің «шетел агенттері туралы» заңының толықтай дерлік көшірмесі.

XS
SM
MD
LG