Ссылки доступа

Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысында тағы бір өзен арнасынан асты


Ресейдің Орынбор облысындағы Орск қаласында тағы бір өзен – Елшан арнасынан асып жатыр. Бұл туралы қала мэрі Василий Козупица хабарлады. Ол тұрғындарға құжаттары мен заттарын жинап, қауіпсіз жерге көшуге кеңес берді.

Бұл уақытта Жайық өзені Орск қаласын әлі басып жатыр. 6 сәуірге қараған түні өзендегі су бөгені жарылғаннан кейін, қаланың тұрғын аудандары су астында қалған. 4518 тұрғын үй мен 4587 бау-бақша ауласын су басқан.

Ресей денсаулық сақтау министрлігі 7 сәуірде Орынбор облысы Орск қаласында су тасқынынан ондаған адам зардап шеккенін, бірнешеуі ауруханаға түскенін хабарлады.

"Орскідегі жағдайға байланысты 99 адам медициналық көмекке жүгінді, оның 18-і — бала, 6 ересек адам мен 3 бала ауруханаға жатқызылды, олардың денсаулығына қауіп жоқ. Қалғандарына да көмек көрсетілді", – деді Ресей денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Алексей Кузнецов. Оның сөзін ТАСС агенттігі жариялады.

7 сәуірде Орск тұрғындарын көшірді. Төрт мыңнан астам адам қаладан шығарылды.

Орынбор облысының билігі су тасқының күші 10 сәуірде жоғарғы шегіне жететінін, 20 сәуірден кейін аймақтағы жағдай тұрақталатынын хабарлаған.

Орск қаласындағы су бөгені жарылған жер Орынбор облысының шығысында, Қостанай облысына жақын маңда орналасқан.

XS
SM
MD
LG