Ссылки доступа

Қазақстанда қарақалпақ белсенділері жаппай ұсталуы мүмкін деген ескерту жасалды


Қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов Қазақстанда жүрген қарақалпақтар "миграция ережелерін бұзды" деген айыппен ұсталып, депортациялануы мүмкін деп ескертті. Ол бұл жөнінде "Х" әлеуметтік желісінде жазды.

Ол өзбек тараптан "саяси емес жүйемен" қамау өтініші түскенін, мысал ретінде Жеткербай Әбдіраманов атты азаматтың ұсталғанын айтты. Оған 2022 жылдың жазында "тіркеу мерзімі өтіп кетті" деген негізде ұстап, азаматтық белсенділікпен айналыспауын ескертіп, босатқан.

"Бір жарым жылдан кейін оны қайтадан ұстап, Қырғызстанға кетуіне мәжбүрледі", - деді Төремұратов. Оның айтуынша, Әбдірамановтың туыстары елінде қысымға тап болып жатыр.

3 сәуірде ресейлік "Мемориал" құқық қорғау орталығы 43 жастағы Ринат Утамбетов Алматыдағы тергеу абақтысына қамалғанын хабарлады. Ол Алматы облысында заңды жұмыс істеп жүрген деп атап өткен.

26 наурызда Астанада Расул Жұманиязов есімді қарақалпақ белсендісі қамалды. Қазір оның қайда екені белгісіз.

Өзбекстанда тіркелмеген "Алға Қарақалпақстан" демократиялық партиясының қызметіне іс жүзінде тыйым салынған, оның белсенді мүшелері жиі қудаланады, кейбірі сол жақта түрмеде отыр. Ал партияның кеңсесі қазір Норвегияда шоғырланған.

2022 жылы шілдеде Қарақалпақстандағы наразылықтан кейін Қазақстанда бірнеше қарақалпақ белсендісі ұсталған. Олардың қатарынла Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар. Оларға Өзбекстан билігі "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, іздеу салған.

Белсенділердің бірі Тілеубике Юлдашева Қазақстаннан Ресейге өтпекші болғанда шекарада тұтқындалды. Қазақстан билігі олардың босқын мәртебесін сұрап берген арыз-өтінішін орындамады. Бесеуі де бір жылдан кейін босап шықты.

Жуырда Алматыда тағы бір қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратов (Мұратбай) ұсталып, бір жылға қамалды. Өзбекстан билігі Ақылбек Мұратовқа "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған.

23 ақпанда Алматы қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Мұратовқа "Қазақстаннан пана іздеуші" куәлігін беру туралы шешім шығарған.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Мұратовты Өзбекстанға экстрадицияламауға үндеді.

XS
SM
MD
LG