Ссылки доступа

Тәжік белсендісінің бауыры Польшадан күшпен шығарылуы мүмкін


Шабнам Худойдодова інісі Комронмен бірге
Шабнам Худойдодова інісі Комронмен бірге

Польша билігі тәжік саяси белсендісі Шабнам Худойдодованың бір туғаны, Тәжікстан азаматы Комрон Худойдодов 19 сәуірге дейін елден шығып кетуі керек екенін, болмаса күшпен шығарылуы мүмкін екенін ескертті.

Шабнамның айтуынша, соттың тиісті шешімі биыл 19 наурызда қабылданған. Оған Комрон Худойдодовтың босқын мәртебесін беру өтініші қанағаттандырылмағаны себеп болды.

Комрон Худойдодов тәжік билігінің қысымынан кейін 2018 жылы Польшаға кетіп, содан бері дүкенде жұмыс істеп жүрген. Польша бидігі оның ешқандай саясатпен айналыспағанын, Тәжікстанда оның өміріне қауіп жоқ екенін атап өткен. Бірақ Шабнам Худойдодова өзінің саяси белсенділігі үшін бауырым жабырқап қалуы мүмкін дейді.

"Менің белсенділігімнен інім зардап шегуі мүмкін. Ол саясаткер емес, бірақ мен саясатта жүрмін. Тәжікстан президенті жөніндегі пікірлерді мен жазғам. Оған менің бауырларым кінәлі емес", - деді Худойдодова Озоди радиосына берген сұқбатында.

Ол інісін Тәжікстанға жөнелтуге жол бермеу өтінішімен Польшаның сыртқы істер министрлігіне хат жолдағанын жеткізді.

Шабнам Худойдодова – Тәжікстанда тыйым салынған "Группа 24" қозғалысының бұрынғы белсендісі. Ол отанында экстремизм бойынша айыпталып жатыр. Шабнам 2016 жылы Тәжікстан өтініші және Интерпол ордерімен Беларусьта ұсталып, БҰҰ көмегімен бірнеше айдан соң босатылған. Ол Польшаға барып, сол жерден қашқын мәртебесін алған.

Тәжікстанның Ұлттық банкі Шабнам Худойдодованы терроризмге қатысы бар адамдар тізіміне енгізген.

XS
SM
MD
LG