Ссылки доступа

Reuters: Ресей Қазақстаннан 100 мың тонна бензин дайындап қоюды сұраған


Ресей Қазақстаннан 100 мың тонна көлемінде бензин қорын дайындап қоюды сұраған. Украин шабуылдары салдарынан жанармай жетпей қалса, Ресей осы қорды Қазақстаннан алдырғысы келеді. Бұл туралы Reuters агенттігі үш дереккөзге сүйене отырып хабарлады.

Дүйсенбіде жарияланған мақалада дереккөздердің бірі бензин жеткізу туралы келісім жасалды деп айтқан. Ал Қазақстан энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов министрлік ресейлік әріптестерінен мұндай ұсыныс алмағанын мәлімдеген.

Ресейдің энергетика министрлігі болса Reuters сауалына жауап бермеген.

Агенттік мәліметінше, Ресейге бензин жеткізуге Беларусь та келіскен.

Reuters дерегіне қарағанда, наурыздың аяғына қарай дрондар шабуылдарынан Ресейдің мұнай өңдеу өндірісінің қуаты шамамен 14 пайызға кеміген. Соған қарамастан Ресей билігі ішкі нарықтағы жағдай тұрақты, ал жанармай қоры жеткілікті деп мәлімдеп отыр.

1 наурыздан бастап Ресей үкіметі бензин экспортына алты алға тыйым салды. Мұндай шешім жанармай тапшылығы тумас үшін қабылданды. Шектеудің халықаралық келісімдер аясындағы экспорттарға қатысы жоқ.

XS
SM
MD
LG