Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі Дастан Дүйшекеевтің мәліметінше, сапар аясында екі ел басшылары Жоғарғы мемлекетаралық кеңес отырысын өткізеді. Тараптар екі ел арасындағы әріптестіктің өзекті мәселелерін талқылайды.
Бұған қоса, Садыр Жапаров Қырғыз киносының Қазақстандағы күндерінің және басқа да шаралардың ашылу салтанатына қатысады.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтас қарым-қатынасты тереңдету және кеңейту жөніндегі келісім дайындалып жатқаны хабарланды. Құжат жобасын сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев парламент комитетіне таныстырып, депутаттар оны бірінші оқылымда қабылдаған.
Министрдің айтуынша, мұндай келісімді президент Садыр Жапаров 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке барған уақытта ұсынған.
Келісім жобасы саяси, әскери-техникалық, инвестициялық, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы әріптестікті кеңейтуді көздейді. Құжатқа президент Жапаровтың Қазақстанға сапары кезінде қол қойылады.