Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі наразылық акциясы өткен жерден хабарлады.
Митингіге жүк көліктерінің 300-ге жуық жүргізушісі қатысты. Олар талаптары орындалмайынша жұмысқа шықпайтынын мәлімдеді.
«Жүк тексерушілер бізді қаланың кез келген жерінде тоқтатып, түрлі айыппұлдар салады. Оның үстіне, әкімдік күндіз жұмыс істемеңдер деп отыр» дейді олар.
Бішкек әкімдігі 5 сәуірден бастап қалада жүк көліктерінің жүруін шектеген. Салмағы 18 тоннадан асатын жүк көліктері таңғы сағат 7:00-ден бастап 21:00-ге дейін қалада жүре алмайды. Шектеу 1 қазанға дейін созылады.
Гуманитарлық көмек жеткізушілер, тез бұзылатын тамақ тасымалдаушылар, сонымен бірге қала әкімдігінің тапсырысымен жүк таситындар Бішкекте күндіз де жүре алады.
Әкімдік талап бұзғандарға айыппұл салынатынын ескерткен.