Ақпаратқа қарағанда, үкім биыл ақпан айында шыққан, бірақ Озоди радиосының соттағы дереккөзі мәліметті 11 сәуірде ғана растады.
Сот өкілінің сөзінше, Курбоналиев "қылмыстық топ құру" деген бап бойынша айыпталған. Сотталушының кінәні мойнына алған-алмағаны белгісіз.
2023 жылдың желтоқсан айында "Группа 24" тобы Германияда неміс билігінің шешімі бойынша Тәжікстан азаматы Билол Курбоналиев ұсталып, 24 қарашада отанына экстрадицияланғанын білдірген. Ол қазанда Германияда жүру ережесін бұзғаны үшін қамалғаны хабарланған.
Кейін Тәжікстанның бас прокуратурасы Курбоналиев Душанбедегі тергеу абақтысында екенін растады.
Билол Курбоналиев Германияда 2022 жылдан бері тұрып жатқан. Ол босқын мәртебесін алмаған.
"Группа 24" мәліметіне сәйкес, Курбоналиев 2023 жылдың күзінде тәжік президенті Эмомали Рахмонның 29 қыркүйектегі Германияға сапарына қарсы Берлинде өткен наразылық акциясына қатысқан.
Тәжікстанда "Группа 24" тобы Жоғарғы соттың 2014 жылдың қазан айындағы шешімі бойынша "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тиым салынған.