Ссылки доступа

Құқық қорғаушы 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін азапталған мигранттарға көмектеседі


«Халықаралық құқық бастамасы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Айна Шорманбаеваның хабарлауынша, 2022 жылдың басында Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, Алматы облысы Қошмәмбет ауылында азапталғандардың ісі Бас прокуратураға түсті.

Шорманбаеваның айтуынша, Қошмәмбет ауылындағы арнайы мекемеде азапталғандар арасында Тәжікстан азаматтары да болған, алайда олардың ешқайсы арыз жазбаған. Соған байланысты халықаралық ұйым тәжік азаматты арызданған жағдайда, оларға да заң тұрғысынан көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады.

«2022 жылғы қаңтарда Орталық елдерінің жүзге жуық еңбек мигрантының азапталғаны туралы іс Алматы облыстық прокуратурасынан Бас прокуратураға түсті. Оларды содырлар деп көрсетуге тырысқан. Мен бұл істе Өзбекстанның алты азаматын қорғаймын. Жетінші жәбірленуші – Викрам Рузуханов. Тағы 22 адам азапталғанын растады. Олар да жәбірленуші деп танылуы керек. Әзірге істе Тәжікстаннан зардап шеккен адамдар жоқ, олардың да азапталғаны мәлім. Бірақ Тәжікстан прокуратурасы жәбірленушілерді іздестіруге белсенді түрде көмекпеспей отыр. «Халықаралық құқық бастамасы» Тәжікстан азаматтарына көмектесуге дайын» деп жазды Айна Шорманбаева жексенбі күні фейсбуктегі парағына.

Қаңтар оқиғасы кезінде қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың азапталуына қатысты қылмыстық іс Қазақстан бас прокуратурасына беріліп, күдікті төрт полицей ұсталған. Бұл жөнінде Викрам Рузахунов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған.

"Қазіргі кезде бұрын анықталған төрт полиция қызметкері ұсталып, қамауға алынды (біреуі азаптап, күш көрсеткенін мойындады, екіншісі жалған ақпарат тарату үшін лас блогерлер мен сатқын журналистерді жалдап, өзін өзі өртеймін деп қорқытқан анасы мен балаларын пайдалануға тырысады – В.Р)" деп жазды музыкант.

Оның сөзінше, қазір азаптау ісінде 22 жәбірленуші бар. Олар Қаңтар кезінде Рузахуновпен бірге азапталған.

"Бас прокуратура істі соңына дейін жеткізуге уәде берді, ал алғашқы төрт қылмыскердің ұсталуы бұл басы ғана" деді ол.

Қазақстан бас прокуратурасы әзірге бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Рузахуновтың сөзінше, Қазақстан Жоғарғы соты оның Қазақстан ішкі істер министрлігінен азаптағаны үшін және өзі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрауды талап еткен арызын әзірге қарап жатыр.

Былтыр Астана соты Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің өзі туралы таратқан ақпаратын шындыққа сәйкес келмейді деп танып, кешірім сұрауды талап еткен Викрам Рузахуновтың шағымын қанағаттандырмаған. Рузахунов жоғары инстанцияға шағымданған.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Алматыда қырғыз музыканты Викрам Рузахуновты ұстап, ұрып-соққан. Ізінше мемлекеттік телеарналар Алматыдағы бүлікке байланысты ұсталған адам туралы видео жариялап, оны "тәртіпсіздікке қатысқан" күдіктілердің бірі ретінде атаған. Видеода бет-жүзінде соққының ізі бар ер адам "Қырғызстанда жұмыссыз қалғанын, содан соң Қазақстандағы қарсылық митингісіне қатысуға келісім беріп, 90 мың теңге алғанын" айтады.

Артынша қырғызстандықтар бұл адам белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін растап, белсенділер Қазақстан билігінен оны босатуды талап еткен.

Қазақстанның күштік құрылым өкілдерінің Рузахуновты ұстап, ұрып-соққаны белгілі болып, мәселеге жергілікті және халықаралық ақпарат құралдары назар аударған. Ізінше Қырғызстан билігі мен қоғамының араласуымен босатылып, Бішкекке жеткізілген. Бішкектегі ауруханада оған операция жасалды. Оны "азаптау" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бұған дейін бір тоқтатылып, қайта жанданған.

Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты Қырғызстан милициясы да қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған. Қорытындысында музыканттың денсаулығына ауыр зақым келгені анықталды.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Қаңтар қантөгісі кезінде кемінде 238 адам өлген. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылғаны айтылған. Қырғызстанның екі азаматы қаза болған. Олардың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы ақпарат жоқ.

XS
SM
MD
LG