Ссылки доступа

Тәжікстан азаматтарын Грузияға кіргізбей қойды (видео)


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Тәжікстанның оннан астам азаматы Грузия шекарашылары оларды елге кіргізбей қойғанына шағымданды. Олардың бірқатары Азаттықтың Тәжік қызметіне жүгінді.

Тәжікстандықтарды Грузия аумағына не себепті кіргізбегені белгісіз. Екі ел арасында визасыз жүйе бар. Ресми баспасөзде Тәжікстан азаматтарына Грузияға кіруге болмайтыны туралы ешқандай мәлімет жоқ.

«Елшілікке құжат тапсыру үшін Грузияға келдім. Құжаттарымның бәрін көрсеттім, бірақ мені сонда да кіргізбей қойды» дейді тәжік азаматының бірі.

Грузия шекара қызметінің өкілі Тәжікстан азаматының сауалына қысқа ғана: «Жауап жоқ» деген.

Мұндай келеңсіз жағдай наурыздың аяғында басталған, алайда Тәжікстан билігі әзірге ешқандай әрекет жасамай отыр.

26 наурызда тәжік журналисі Анушервон Әріпов және тағы бірнеше тәжік азаматы Грузия аумағына кіре алмағанын хабарлаған. «Әйелім, кішкентай екі баламмен келгем. Біз Грузияға турист ретінде келдік, бірақ шекарадан өткізбей қойды. Сол күні Тәжікстаның тағы сегіз азаматын өткізбеді» деген журналист.

«Крокустағы» шабуылдан соң әлемнің көптеген елдері Тәжікстан азаматтарына деген көзқарасын өзгертті. Атап айтқанда, Түркия Тәжікстанмен арадағы визасыз жүйені алып тастады.

XS
SM
MD
LG