Ссылки доступа

Польша тәжік белсендісін елінен шығарды


Польша билігі саяси баспана іздеген 36 жастағы тәжікстандық Фаррух Икромовты елінен шығарды.

Икромов – президент Эмомали Рахмонның 2023 жылы Германияға сапарына қарсы акцияға қатысқандардың бірі. Оның жақтастары Икромов отанында азаптауға алынып, ұзақ мерзімге түрмеде отыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Фаррух Икромов 2016 жылы отбасымен Тәжікстаннан кетіп, Польшада тұрған. Оның адвокаты 15 сәуірде Душанбеге депортацияланғанын жеткізді.

Польша билігі бұл оқиға бойынша пікір білдірмеді.

Тәжікстандағы саяси тұтқындарды құтқару ісі бойынша комитет жетекшісі Абдусаттор Бобоев "Польша Икромовқа баспана берген емес" деп мәлімдеді.

"Ол бірнеше ай бұрын Германияға кеткен. бірақ ол жақтан кері Польшаға жіберілген. Ол заңсыз мигранттардың лагерінде қамалған. Оның адвокаты Икромов Польшадан шығарылғанын мәлімдеді", - деді Абдусаттор Бобоев.

Фаррух Икромовтың туыстарының айтуынша, ол ешқандай саясатпен айналысқан емес. Бірақ әйелі Тәжікстанда тыйым салынған "Исламның қайта жаңғыруы" партиясының мүшесі болған. 2015 жылы тәжік билігі бұл партияны террорлық ұйым деп таныған соң, олар отбасымен Польшаға көшіп кеткен.

XS
SM
MD
LG