Ссылки доступа

Қырғызстан СІМ азаматтарға Таяу Шығысқа бармауға кеңес берді


Қырғызстан сыртқы істер министрлігі 19 сәуірде азаматтарға Таяу Шығыс өңіріне, атап айтқанда Израиль, Иран, Сирия, Ирак, Ливан және Палестина аумағына бармауға кеңес берді.

Министрлік бұның себебін «аймақта шиеленіскен жағдайы қалыптасуымен» түсіндірді. «Осы елдерде жүрген азаматтар жағдай тұрақталғанша жеке қауіпсіздігіне мейлінше көңіл бөлуі керек» деп ескертті СІМ. Министрлік қырғызстандықтар үшін Түркия, Сауд Арабиясы, Иран және Кувейттегі елшіліктерде шұғыл телефон жұмыс істейтінін де хабарлады.

14 сәуірге қараған түні Иран дрондар мен зымырандармен Израильді атқылады. Тегеран мұндай шабуылды 1 сәуірде Дамаскідегі иран консулдығына тиесілі ғимаратқа жасалған соққыға жауап деп түсіндірді. Израильға қарай 170-ке жуық камикадзе-дрон, 150 қанатты және баллистикалық зымыран ұшырылған. Олардың барлығын дерлік Израиль, АҚШ және Иордания әскерлері атып түсірген. Дегенмен Иран жағдайды одан әрі ушықтырғысы келмейтінін мәлімдеген.

19 сәуірге қараған түні халықаралық БАҚ Израиль Иран аумағындағы нысандарға соққы жасағанын хабарлады. Иран медиасы елдің орталық бөлігіндегі Исфахан қаласына жақын маңда жарылыстар болғанын жариялаған. Иранның ядролық бағдарламасының бір бөлігі осы төңіректе жүзеге асырылып жатыр.

15 сәуірде Қазақстан СІМ Израиль мен Иранға баруды жоспарлаған ел азаматтары үшін ешқандай кеңес бермейтінін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG