The Independent басылымының хабарлауынша, «Ресей санкцияларды көршілес елдер арқылы айналып өтіп жатқаны туралы қауіп күшейген тұста, Кэмерон Орталық Азия елдеріне сапары барысында ағылшындардың осы өңірдегі елдермен әріптестігін кеңейтуді көздейді».
Дэвид Кэмерон Тәжікстан президентімен және сыртқы істер министрімен кездескен. Келіссөздерде қандай мәселелер көтерілгені жарияланбады. Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Эмомали Рахмон ағылшын СІМ басшысымен кездескен уақытта Ұлыбританияны «Батыс Еуропадағы маңызды әріптесі» деп атаған.
«Еліміз Ұлыбританиямен көптарапты қарым-қатынасты дамытуға, нығайтуға көп көңіл бөледі» деп мәлімдеген Рахмон.
«Дэвид Кэмерон Тәжікстан мен Ұлыбританияның көптарапты қарым-қатынасы елеулі түрде кеңейгеніне риза екенін білдірді» деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Жүздесуде тараптар екі елдің саяси, экономика, сауда, мәдениет және гуманитария салаларында қарым-қатынасын талқылаған. Атап айтқанда, су-климат, еңбек миграциясы, екі ел арасындағы әуе қатынасы, инвестиция тарту, аймақ қауіпсіздігі тақырыптары көтерілген.
Ұлыбритания 2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеуге қатаң санкциялар салған елдердің бірі.
Батыс елдері Орталық Азияда Мәскеудің одақтастары саналатын мемлекеттерге Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеспеуді бірнеше мәрте ескерткен.
АҚШ қаржы министрлігі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда Ресейге тауар тасумен айналысқан бірнеше компанияға санкция салған.