Ссылки доступа

Қырғызстан арнайы қызметі іздеудегі кәсіпкер Имамиддин Ташовты ұстады


Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті «КЖ групп» құрылыс компаниясының қожайыны Имамиддин Ташовты ұстады. Бұл туралы 22 сәуірде ҰҚМК баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік комитет мәліметінше, Ташов Шу облысы Панфилов ауданына қарасты Қайыңды ауылында қолға түскен. Арнайы қызметтің хабарлауынша, ол «билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін» іздеуде болған.

«И. Ташов Қырғызстан мен Қазақстан шекарасынан заңсыз өтіп, Алматыдан Қара-Балтаға келе жатқанда ұсталды. Ол мұнда билікті басып алу мақсатында наразылық акциясын өткізу үшін уақытша штаб ұйымдастыруды көздеген» деп мәлімдеді ҰҚМК.

ҰҚМК Ташовты 2024 жылғы қаңтардан бері іздестіріп жатыр. Сол кезде кәсіпкерге іздеу жарияланғанын ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев мәлімдеген.

Ташовтың айтуынша, бұның алдында оны сегіз күн бойы қамауда ұстаған, туыстарына оның құрылыс компаниясын тартып аламыз деп қорқытқан. Кәсіпкер өзінен 100 млн сом «қосымша қалтаға» төлеуді талап еткенін айтқан.

Ташов бірінші мәрте ұсталып отырған жоқ. 2023 жылғы қазанда ол балабақшаға бөлінген жерге тұрғын үй салғаннан кейін ұсталған. Сосын кәсіпкер мемлекетке 52,4 млн сом қайтарып, үйқамаққа шыққан.

XS
SM
MD
LG