Ссылки доступа

Нүкенова ісі: Кәсіпкер Райымбек Батталов экс-министрдің әйелімен "байланысы" болған дегенді жоққа шығарды


Раимбек Баталов
Раимбек Баталов

Қазақстандық кәсіпкер, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Райымбек Баталов азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп айыпталып жатқан бұрынғы экономика министрі Қуандық Бішімбаевтың сотқа айтқан сөздеріне байланысты пікір білдірді.

Ол Instagram парақшасына жариялаған видео үндеуде Бішімбаев айтқандай оның әйелі Салтанат Нүкеновамен ешқандай жақын байланыс болмағанын жеткізді.

"Соңына дейін Бішімбаевтың соты бойынша пікір білдіруді қаламаған едім. Бірақ оның мені жаманатты еткен сөздерінен кейін мәлімдеме жасауға мәжбүр болып жатырмын. Айыпталушының менің атыма айтқан соттағы сөздері сандырақ. Оның жалған сөздеріне сенбеуге шақырамын", – деді Баталов.

Ол Нүкенованың отбасына көңіл айтып, туыстары жақын адамын жоғалтқаннан кейін, "оның ар-намысын қорғауға" мәжбүр болып жатқанын жеткізді.

22 сәуірде Астанада өтіп жатқан сот процесінде Қуандық Бішімбаевтың телефоны қарала бастаған. Ол осыған дейін телефонының құпия кодын айтудан бас тартып келген. Құпия коды судья Айжан Күлбаеваға берілгеннен кейін Нүкенова қаза болған 9 қарашада түсірілген видео көрілді.

Онда Бішімбаев балағат сөздер қолданып, әйелінен Райымбек Баталовпен ашына болған-болмағанын сұрап жатқаны тартылды.

Бішімбаевтың телефонындағы видеоны көру кезінде Нүкеновтің ағасы Айтбек Амангелді көзіне жас алып, оның жақындарының біріне жедел жәрдем шақырылды.

Бішімбаев сотта бірінші кезде видеоны әлдекімдер монтаждап, жүктеп қойғанын айтты. Бірақ кейіннен бұл видеоны өзі түсіргенін мойындады.

Бішімбаев сотта әйелін азаптап өлтіргенін мойындамай жатыр.

Бұл іс бойынша Бішімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов та айыпталып жатыр. Ол қылмысты жасырды деп айыпталып жатыр.

Нүкенованың өлімі бойынша сот наурыз айының аяғында басталды. Сот процесін Жоғарғы сот youtube каналы арқылы тікелей эфирден көрсетіп жатыр.

XS
SM
MD
LG