Ссылки доступа

Қырғызстанда монополияға қарсы қызмет басшысының бұрынғы орынбасары ұсталды


Қырғызстанда Шу облыстық соты монопология қарсы мемлекеттік қызмет басшысының бұрынғы орынбасары Ақжолтай Тукуновты қамау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 26 сәуірде Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі сот залынан хабарлады.

Сот шешімімен Тукунов екі ай қамауға алынды. Прокуратура Тукуновты ұстау заңсыз деп танып, қолхатпен босатқан Аламудун аудандық сотының шешіміне арызданған.

Тукунов 17 сәуірде ұсталған. Оның адвокаты Умар Молдобековтің айтуынша, тергеу барысында қорғауындағы азаматқа «билікті күшпен басып алуға үндеді» деген күдік келтірілген, бірақ кейін «жаппай тәртіпсіздік» айыпына алмастырылған. Мәліметтерге қарағанда, қылмыстық іс 2021 жылы Тукуновтың фейсбукте жариялаған бір жазбасы негізінде қозғалған.

Ақжолтай Тукунов 2022-2023 жылдары монополияға қарсы қызмет төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бұған дейін ол көпшілікке белсенді ретінде танылған. Атап айтқанда, ол Қырғызстанда ойынханаларды заңдастыруға қарсы шығып, түрлі наразылық акцияларына қатысып жүрген.

XS
SM
MD
LG