Ссылки доступа

Қазақстан жарамсыз деп танылған ұшақтарды Украинаға сатты деген мәліметті жоққа шығарды


Қазақстанның қару-жарақ пен әскери техника импорты және экспортымен айналысатын мемлекеттік кәсіпорыны жарамсыз деп танылған ұшақтарды Украина қарулы күштеріне сатты деген мәліметті жоққа шығарды.

Мәліметке қарағанда, авиация техникаларын жою мақсатындағы сауда Қазақстанда тиісті лицензиясы бар заңды тұлқалар арасында өткізілген.

«Шетел компаниялары саудаға жіберілмеді» деп хабарлады «Қазарнаулыэкспорт» жексенбі күні таратқан мәлімдемесінде.

Кәсіпорын ұшақтарды жою ісі толық бақыланатынын айтып отыр. Олар «түрлі-түсті медалл ретінде ғана» сыртқа шығарылуы мүмкін.

Stopfake.kz сайтының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде бір азаматтың Қазақстаннан әскери ұшақ сатып алғаны туралы мәліметі таралған. Ол азамат жарамсыз деп танылған ұшақты Украина қарулы күштеріне техника бөлшектері ретінде беруді көздеген. Мәліметте 2023 жылғы қазанда Қазақстан жарамсыз деп танылған 117 ескі ұшақты саудаға шығарған. «Қазақстанның Украина қарулы күштеріне жарамсыз әскери ұшақ сатқаны туралы мәлімет - фейк» деп мәлімдеді Stopfake.kz жобасы.

The Business Insider басылымы 29 сәуірде мақала жариялап, онда Құрама Штаттар офшорлар арқылы Қазақстаннан істен шыққан 81 әскери ұшақ сатып алғаны туралы мәлімет жариялады. Басылым украин сайттары мен telegram-арналарына сүйенді.

Былтыр қазанда Қазақстан совет заманынан қалған 117 ұшақты жою мақсатында саудаға шығарған. Мәліметтерде «Қазарнаулыэкспорт» кәсіпорыны сатушы деп көрсетілген.

Биыл ақпан айында Қазақстанның қаржы полициясы «Қазарнаулыэкспорт» кәсіпорынының бас директоры Аршат Аяғановтың ұсталғанын хабарлады. Ол қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған.

2023 жылғы қарашада «Қазарнаулыэкспорт» мемлекеттік компаниясында тінту жүргізілгені туралы мәлімет тарады.

XS
SM
MD
LG