Ссылки доступа

ШҚО: Маралдыда алтын фабрикасын салуға қарсы шыққан 6 адам "тіркелмеген бірлестік құрды" деп айыпталды


Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 5 қаңтар, 2024 жыл
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 5 қаңтар, 2024 жыл

Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық полициясы Маралды ауылының алты тұрғынына "тіркелмеген бірлестік қызметіне қатысу" бабы бойынша айыппұл салды.

Полицейлер екі адамға 92 мың теңге, төрт адамға 184 мың теңге төлеуге міндеттеген. Бұл жөнінде бүгін, 30 сәуірде Азаттық тілшісіне ауыл тұрғындарының өзі хабарлады. Олар мұны "алтын фабрикасының салынуына қарсылық көрсетпей, аузымызды жабу үшін жасап жатқан қысым" деп санайтынын айтады.

Маралды тұрғындары үш жылдан бері ауыл іргесінде алтын өндіретін фабрика салуға қарсылық білдіріп келеді. Олар "Маралды ауылдық округі бойынша жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастығы" деп аталатын бірлестік құрған.

— Қоғамдастықты құруымызға әкімдіктегілердің өздері түрткі болған. Ұйым құрып, заң аясында жұмыс істеңіздер деген еді. Біз ауыл әкіміне құжаттарымызды бекіттіріп, мөр алып жұмыс істедік. Фабрика жұмысын тексеруді, өзіміз көрген кемшіліктерге назар аударуды сұрап министрліктерге, депутаттарға, әкімдерге хат жазып келдік. Бірақ қоғамдастықты әділет министрлігінде тіркелмеген, сондықтан полиция оның жұмысын заңсыз деп айтты. Шынына келгенде біз билікке қарсы шыққан жоқпыз. Экологияға, суымыз бен табиғатымызға алаңдағаннан басқа ештеңе істемедік. Бірақ билік сонда да наразылығымызды айтпай, аузымызды жауып отырсын деген мақсатта осындай қысым көрсетіп жатыр, — деді айыппұл алғандардың бірі Жанат Кәрібаева.

Азаттық тілшісі ауыл әкімі Бауыржан Сейілхановқа қоңырау шалып, «қоғамдастық құжатын ауыл әкімдігі бекітіп бергені рас па?! деп сұраған, бірақ ол телефонмен жауап беруге келіспейтінін айтты.

Маралды ауылының іргесінде "ВСАМ Продакшн" компаниясы үш жыл бұрын алтын өңдейтін фабрика құрылысын бастаған. Ауыл халқы "алтынды цианид қоспасымен ажыратып алатын болса, қоршаған ортаға зияны тиеді" деп наразы болған. Тәуелсіз экологтар да фабриканың таулы жерде салынуы "қауіпті" екенін, көктемде қар суымен залалды заттар өзенді ластауы мүмкін екенін айтқан. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев "фабрика жұмысын заң талаптарына сай жүргізіп келе жатыр, болашақта кемшілік анықталса, жұмысын тоқтатады" деген.

Маралды кен алқабын Maralicha-Gold тау-кен кәсіпорыны барлайды. Оған бұрынғы туризм және спорт министрі, Астананың экс-әкімі, бұрынғы президент іс басқарушысы, марқұм Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы Шыңғыс Досмұхамбетов иелік етеді.

Ал фабриканы салып жатқан "ВСАМ Продакшнның" құрылтайшысы WSAM Group Ltd деген компания. Оған Ли Вунг, Ли Хайлэн деген Корей инвесторларымен бірге Айдын Рамазанов иелік етеді. Айдын Рамазанов, Egov деректеріне сәйкес, Шығыс Қазақстанның бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бизнесте серіктес. Фабрика құрылысы басталғанда Ахметов облыс әкімі қызметінде болған.

Ахметов Рамазановты танымайтынын, оның бизнесіне ықпал етпегенін айтқан.

XS
SM
MD
LG