Ссылки доступа

Қырғызстан парламенті мектепте заңсыз ақша жинағандарға айыппұл салуды тағы ұсынды

Жогорку Кеңеш депутаты Миргүл Темірбаева мектепте заңсыз ақша жинағандарға айыппұл салу туралы заң қабылдауды ұсынды.

Оның пікірінше, заң талабын бұзған жеке тұлғаға 20 мың сом айыппұл салған жөн. Ал тәртіп бұзушылық мектепке қатысы бар қоғамдық қор арқылы жүзеге асса, жеке тұлғаға 40 мың сом, заңды тұлғаға 60 мың сом айыппұл салу қажет.

Депутаттың айтуынша, президент Садыр Жапаров 2023 жылғы мамырда шыққан жарлығымен заңсыз ақша жинауға тыйым салғанына қарамастан, мектептерде әлі күнге дейін ақша жиналып жүр.

2023 жылғы қыркүйекте Темірбаева дәл осындай заң жобасын ұсынған. Сол кезде депутат мектепте заңсыз ақша жинағандарға 7500 сом (80 доллар) айыппұл салу керек деп мәлімдеген.

Кейін үкімет білім мекемелерінде заңсыз ақша жинауға тыйым салатын қаулы шығарған. Сол жылы президент білім министрлігіне ата-аналардан ақша жинауға жол бермеуді тапсырған. Содан кейін елдің арнайы қызметі заңсыз ақша алды деген күдікпен Бішкектегі төрт мектептің директорын ұстаған.

XS
SM
MD
LG