Ссылки доступа

Экс-ІІМ басшысы Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды


Қазақстанның ішкі істер министрі болған Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды. Бұл жөнінде бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін ішкі істер министрі қызметінен босаған Ерлан Тұрғымбаев "билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен ұсталды. Бұрынғы ішкі істер министрі Қаңтар оқиғасына байланысты істі болып жатыр.

Бас прокуратура 30 cәуірде таратқан мәліметінде Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу жалғасып жатқанын жаза келе Тұрғымбаевтың 29 cәуірде ұсталғанын мәлімдеді. Орган қылмыстық істе мемлекеттік құпиялар болғандықтан басқа деректер жарияланбайтынын да айтты.

61 жастағы Тұрғымбаевтың ұсталғаны жайлы ақпаратты ҚазТАГ ақпарат агенттігі дереккөздеріне сілтеп, кеше, 29 сәуір кешкісін жазған. Экс-министрге іс қозғалғаны туралы биыл наурызда да ақпарат тараған еді. Сол кезде бас прокуратура Тұрғымбаев "Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпей азаматтарды азаптаған орган қызметкерлеріне қатысты" іс аясында тергелгенін ғана мәлімдеген.

2022 жылы 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан соң ҰҚК, қорғаныс министрлігі мен басқа да орган қызметкерлері орнынан алынып, істі болып жатқанда Тұрғымбаев қызметінде қалған еді. Ол қанды оқиғадан соң үкімет құрамы жаңарғанда да орнын сақтап қалған. Тек 2022 жылы 25 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қызметінен босатып, өзіне кеңесшісі етіп тағайындады. Ал 2023 жылы тамызда Тұрғымбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризммен күрес жөніндегі аймақтық құрылымының кеңесшісі қызметіне ауысты.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасына қатысты былтыр маусымда шығарған "Ескертусіз оқ ату" кітабында Тұрғымбаевтың жауапқа тартылуы керегі жайлы айтқан еді. Сол кітапты құрастырушылардың бірі Бақытжан Төреғожина ішкі істер министрлігін басқарған адам Қаңтар оқиғасына байланысты бірден тергелуі керек еді деп санайды.

Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Тұрғымбаевқа тікелей бағынған қалалар мен облыстардағы ішкі істер департаментіндегі қызметкерлер "жұмыс орнын тастап кетті, әрекетсіздік танытты", түрме қызметкерлері азаптау істеріне байланысты "қызметін асыра пайдаланды" деп айыпталған еді.

XS
SM
MD
LG