Ссылки доступа

Абаев Қазақстанда АЭС салу жөнінде: "Росатом" үміткерлердің қатарында


Ресейдің атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік "Росатом" корпорациясы – Қазақстанға АЭС салып беретін үміткер-компаниялардың қатарында. Бұл жөнінде қазақстандық дипломат, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін билік жалпыұлттық референдумға шығаруға уәде берген. Оның мерзімі белгісіз. Абаев 4 мамырда ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында дауыс беру жылдың соңында өтуі мүмкін екенін айтты.

"Қазақстан халқы өзі шешім қабылдауы керек. Бірақ "Росатом" бұл саладағы жетекші компаниялардың бірі екені сөзсіз. Сондықтан да егер мұндай шешім қабылданса, "Росатом" әрдайым шорт-листе болады" деді Абаев ТАСС агенттігіне.

Қазақстан қоғамында АЭС салу мәселесіне қатысты қоғам пікірі әртүрлі. DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 46,6 пайызы атом электр станциясын салуды қолдаса, 37,7 пайызы қарсы.

"Біз бұл мәселені бостан-босқа референдумға шығармаймыз. Қазақстанда атом энергетикасына қатысты белгілі бір үрей бар. Қазақстан аумағында ұзақ жылдар бойы Семей ядролық полигоны орналасты. Ол республика тарихында ірі жара қалдырды. Әлі күнге дейін сол жарылыстың салдары сезіледі. Сондықтан Қазақстан үшін бұл өте сезімтал мәселе. Егер Қазақстан халқы бұл процестерді қолдаса, ол референдумнан кейін жүзеге асады" деді Абаев.

Қазақстандық сарапшылар қауымының бір бөлігі - экологтар мен энергетиктер билікті АЭС-тен туындайтын экономикалық, геосаяси, экологиялық және өзге де қатерді мұқият сараптап, ақпаратты халыққа беруге шақырады. Олар сонымен бірге АЭС салынуы мүмкін орын – Балқаш көлінің жағалауы сейсмикалық қауіпті орын екенін еске салады.

Сарапшылар станция Балқаштың экожүйесіне антропогенді салмақты күшейтеді, су қоймасының температуралық режимін өзгертіп, қоршаған ортаға теріс әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді. Экологтар апат болса, жүздеген мың гектар жер тұруға және ауыл шаруашылық мақсатында пайдалануға жарамсыз болып қалуы мүмкін деп те ескертеді.

Ал Қазақстан үкіметі елде энергия тапшылығы туындап жатқанын алға тартып, оны АЭС арқылы шешуге болады дейді. Қазақстан энергетика министрлігі бұған дейін "Росатом", Électricité de France (Франция), China National Nuclear Corporation (Қытай) және Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея) компанияларының АЭС салу туралы ұсыныстарын қарастыратынын айтқан.

XS
SM
MD
LG