Ссылки доступа

Тимур Құлыбаев Лондондағы таунхаусын 35 миллион фунт стерлингке сатты


Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев Лондондағы жылжымайтын мүліктерінің бірін 34,7 миллион фунт стерлингке (43,4 млн доллар) сатты. Бұл туралы Financial Times хабарлады.

Таунхаус астананың Мейфэр ауданында, Букингем сарайы маңында орналасқан. Жылжымайтын мүлікті наурыздың аяғында North Wind Capital инвестициялық компаниясы сатып алған. Компания негізін Deutsche Bank жылжымайтын мүлік саласындағы бұрынғы директоры Бен Уильямс қалаған. FT мәліметінше, Құлыбаев пен пен North Wind Capital өкілдері сауда мәліметін жариялаудан бас тартқан.

Газет дерегінше, Құлыбаев Аппер-Гросвенор-стрит бойында орналасқан тағы бір ғимаратын сатқысы келеді, алайда әзірге сатып алушы табыла қоймаған.

Жоғарғы сот құжаты мен мүлік жөніндегі мәліметтерге қарағанда, Аппер-Гросвенор-стрит бойындағы осы екі ғимарат 2007 жылы сатып алынған. Құлыбаев жылжымайтын мүліктің бірін 25,8 миллионға, екіншісін шамамен 12 миллион фунт стерлингке сатып алған. FT дерегінше, Аппер-Гросвенор-стрит 41 мекенжайында орналасқан ғимарат ұзақ уақыт қаңырап бос тұрған. Мұндай жағдай баспанасыздықпен күресушілердің ашуын туғызған.

Былтыр ағылшын билігі офшордағы компаниялар түпкілікті бенефициарын жариялауды талап ететін жаңа ереже қабылдаған. Қазақстандық миллиардер Британ Виргин аралдарындағы Merix International Ventures компаниясының қожайыны ретінде тіркелген.

Назарбаевтың күйеу баласы, бұрынғы президенттің ортаншы қызы Динараның күйеуі Тимур Құлыбаев 2007 жылы Саннингхилл-парк сарайын офшор компания арқылы ханзада Эндрюден сатып алған. Ол жылжымайтын мүлік үшін 15 миллион фунт стерлинг төлеген. Мамандар Құлыбаев мүлік бағасынан үш миллионнан артық құн төледі деп есептейді.

FT газеті 57 жастағы Тимур Құлыбаев кезінде қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрагері болуы мүмкін деп есептелген. Ол Қазақстанда маңызды қызметтер атқарған.

Қазір экс-президент пен оның адамдарының 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін билікке ықпалы азайды деушілер баршылық. Соған қарамастан, Тимур мен Динара Құлыбаевтар 2023 жылы байлығын шамамен бір жарым миллиардқа арттырған. Америкалық Forbes журналының 2023 жылғы мәліметінше, ерлі-зайыптылардың 8,6 миллиард доллар дәулеті бар.

XS
SM
MD
LG