Ссылки доступа

«Бір грамм да алтын ұрланбады». Қырғызстан президенті алтын құймалар туралы видеоға сенбеуге шақырды


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, жақында Интернетте тараған алтын құймалар туралы видеоға қатысты пікірін айтты. Видеода оның бауыры Сабыр Жапаровтың есімі аталған.

Президенттің мәлімдеуінше, үкіметтің алтын құймалары сақталған орында бақылау камериалары орнатылған, ол жерден алтын ұрлау мүмкін емес. Сол себепті ол Интернетте тараған видеоны «фейк» деп атап, халықты оған сенбеуге шақырды.

«Ол видеоны көрген уақытта күлкім келді. Алтын ұрлап, оны шетелге шығаратын адам осындай видео түсіріп, сосын әлеуметтік желілерге жариялаушы ма еді? Қазір елімізде мемлекеттік алтын құймаларының бір граммын да ешкім ұрлай алмайды» дейді Жапаров.

Бұған қоса, президент бауыры Сабыр Жапаровтың алтын құйма ұстап түскен суретін түсіндіріп өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл сурет 2021 жылы Қырғызстан үкіметі Құмтөр кенішін бақылауға алған уақытта түсірілген. Халықаралық LBMA ұйымы қырғыз алтынының экспортына тыйым салғандықтан, оның немере ағасы Түркиядағы зауытпен сөйлесуге барған, бірақ президент туысына мемлекет ісіне араласпауды ескерткен.

Садыр Жапаровтың хабарлауынша, 2020 жылы «Қырғызалтын» мемлекеттік кәсіпорынының табысы 340 миллион, ал 2023 жылы 12 миллиард 600 миллион сом болған. Ұлттық банктегі алтын қор 2020 жылға дейін 16 тонна ғана болса, 2024 жылға қарай 52 тоннаға жеткен.

7 мамырда кешке шетелдегі белсенді Асхат Османов екі видео жариялады. Онда қырғыз-орыс тілдерінде сөйлейтін бір адам алтын құймасын ұстап тұрып тағы біреуге түсіндіріп жатыр.

Зерттеуші журналист Болот Теміров репортажында «алтын құймалар Ыстық-Көл әуежайынан Кипрге шығарылған болуы мүмкін» деген болжамын айтқан.

2022 жылы президент Садыр Жапаровтың бауыры Сабырдың алтын құйма ұстап түскен суреті Instagramkg_novosti парағында жарияланып, көпшіліктің наразылығын туғызған.

XS
SM
MD
LG