Ұйым сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, «Хаттар марафоны» («Write for Rights») ауқымды науқаны барысында петицияға 405 мың 204 қол қойылған. «Жүздеген мың адамның қолдауы Қырғызстан үкіметіне елде билікті сынаушыларды қудалау елеусіз қалмайтынын көрсетеді деп есептейміз. Билік репрессиялық саясатын өзгертеді деп үміттенеміз. Қырғызстан үкіметі «Кемпір-Абад ісіне» сырттай бақылау барын ескерсін» деп мәлімдеді AI ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мейзи Вайхердинг.
Естеріңізге сала кетейік, Рита Қарасартованы қолдау науқаны 2023 жылғы 10 тамызда басталған.
2022 жылғы қазанда оппозициялық саясаткерлер, құқық қорғаушылар, азаматтық белсенділер мен блогерлер, барлығы 27 қырғызстандық жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген күдікпен ұсталды. Кейін олардың бірқатарына «билікті күшпен басып алу» айыбы да тағылғаны мәлім болды.