Қазір Рустам Жарлаев Қонаев қаласының мәслихат депутаты болып істейді.
Кенжиева осы некеден үш бала туған (тағы екі баланы Бішкекте екінші некесінде дүниеге әкелген). Олардың тұрмысы бақытты болмады. Адиямның айтуынша, күйеуі оны жеті жыл бойы ұрып келген. Күйеуінен соңғы мәрте таяқ жеп, ауруханаға түскен Адиям балаларымен еліне қашқан.
Бұрынғы күйеуі оған мұнда да күн көрсетпеген. Адиямның айтуынша, ажырасқаннан кейін Жарлаев ортақ балаларының бірін ұрлап кеткен, енді қалғандарын да қайтарып алғысы келеді. Оның үстіне, бұрынғы күйеуі Адиямның Қырғызстанда басқа күйеуінен туған балаларын да анасынан ажыратып тастап, оның өзін Қазақстанға қайтаруға әрекеттеніп жүр.
Кенжиеваның өзі Қазақстанға оралғысы келмейді. Ол бұрынғы күйеуін экс-министр Бишімбаевпен теңестіреді. Қуаныш Бишімбаев азаматтық некедегі әйелін аусыз өлтіргені үшін жақында 24 жылға сотталған.
«Мен осы жеті жылда Салтанаттың күйін кештім. Сотты қараған уақытта күдіктінің нақ Жарлаев екенін көрдім. Ол - екінші Бишімбаев» дейді Адиям.
Бішкекке қашып келген Адиям сотқа жүгініп, Жарлаевпен ажырасқан. Бірақ ол Қырғызстанда екінші мәрте күйеуге шыққан уақытта бұрынғы күйеуінің зардабын тағы тарта бастаған. Бір жарым жыл бұрын бұрынғы күйеуі қызы мен ұлын демалыс кезінде Қазақстанға алып кетіп, сол күйі анасына қайтармай қойған. Кейін Адиям қызын қайтарып алған, ал ұлын Жарлаев бермеген.
«Кіші ұлым Омарды көрмегелі бір жарым жыл болды. Ол 2015 жылы туған. Бұрынғы күйеуім баланы менен жасырып жүр. Сот шешімін де орындамайды» дейді Адиям.
Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі Бішкектің Октябрь аудандық сотына жүгініп, анасы балаларды көрсетпейді деп шағымданған. Сот Жарлаевтың пайдасына шешім шығарған. Адиям айына екі мәрте балаларды көрсету жөніндегі сот шешімін орындап келген. Бірақ сонда да оның үстінен сот актісін орындамады деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
2024 жылғы сәуірде Бішкектің Октябрь аудандық соты оны сот шешімін орындамады деп танып, Қырғызстаннан шығару жөнінде шешім қабылдаған. Бішкек қалалық соты аудандық сот шешімін өзгертпеген.
Енді Адиямды Қырғызстаннан шығарып жіберген уақытта, оның Бішкекте туған балаларын балалар үйіне өткізуі мүмкін.
Осы іске қатысты түпкілікті шешімді Қырғызстан Жоғарғы соты қабылдайды. Адиям ең жоғарғы сот инстанциясына шағымдануды көздеп отыр.