Ссылки доступа

Қырғыз журналисі Ақтілек Қапаров қамаудан босатуын талап етіп, қолын тілді

Бішкек қаласындағы тергеу изоляторында отырған журналист Ақтілек Қапаров БАҚ өкілдеріне хат жазып, өзіне қандай айыптар тағылғанын, қылмыстық істің жай-жапсарын баяндады. Қапаровтың хатын Азаттықтың Қырғыз қызметіне оның журналист әріптестері берді.

Журналист хатында бес айдан бері қамауда заңсыз отырғанын, осы уақыт аралығында оны тергеуге бір рет те шақырылмағанын, тергеуші оның ісі сотқа өтіп жатқан уақытта қысқа ғана жауап алғанын жазған.

Қапаровтың айтуынша, қылмыстық іс Temirov LIVE және «Айт, Айт десе» жобаларының арнасында жарияланған видео негізінде қозғалған. Ол осы жобаларда былтырдан бері жұмыс істемеген. Оны қоғам да, билік өкілдері де жақсы біледі. Қапаров өзінің және басқа да журналистердің үстінен қозғалған істерді кәсіби қызметімен байланыстырып отыр.

«Мені түрмеге отырғызу кімге тиімді? Мені ешқандай қатысым жоқ видео үшін қудалап жатпағанына көзім жетті. Мені журналист болғаным үшін, депутаттар мен шенеуніктерге айыппұл төлеттіргенім үшін қудалап жатыр. Жоғары қызметтегілердің жемқорлығын әшкерелегенім үшін ізімнен түсті» деп жазған журналист.

Қапаров хатында тергеу изоляторынан босатуды, қылмыстық қудалауды доғаруды талап етіп қолын тілгенін мәлімдеді.

«Temirov LIVE жетекшісі Махабат Тәжібекті тергеу изоляторында ұрғанын, сонымен бірге ақын Асхат Жетігенді азаптағанын ескерсек, менің өмірім мен қауіпсіздігіме президент Садыр Жапаров, күш құрылымдарының басшылары Қамшыбек Тәшиев пен Ұлан Ниязбеков, бас прокурор Құрманқұл Зұлұшев, үкімет басшысы Ақылбек Жапаров жауапты деп білем» деп жазды журналист Қапаров.

Ақтілектің хатында қанға ұқсас дақтар қалған. Журналистің денсаулығы туралы әзірге ештеңе белгісіз.

Ақтілек Қапаров 2024 жылғы қаңтарда ұсталған. Оны Temirov LIVE жобасының қазіргі және бұрынғы қызметкерлерімен бірге қамауға алған. ІІМ олардың бәріне билік өкілінің заңды талаптарына мойынсұнбады, жаппай тәртіпсіздікке шақырды деген айыптар таққан.

Temirov LIVE жобасының негізін қалаушы Болот Теміров журналистердің қамалуын оның тобының жұмысымен байланыстырды.

Кейін сот жеті адамды қамаудан босатты. Алайда Ақтілек Қапаров, Айке Бейшекеев, Азамат Ишенбеков және Махабат Тәжібек қызы әлі тергеу изоляторында отыр.

XS
SM
MD
LG