Ссылки доступа

Алматы соты журналист Маричеваның «жалған мәлімет тарату ісіне» қатысты апелляциялық арызын қарай бастады


4 маусымда Алматы қалалық соты ProTenge жобасының авторы, журналист Жәмила Маричеваның апелляциялық арызын қарай бастады. Соттың алғашқы инстанциясы оны «жалған мәлімет таратты» деп таныған.

Соттың бүгінгі отырысында Маричеваның адвокаты Әсел Тоқаева соттың алғашқы инстанциясының шешімі не себепті негізсіз шығарылғанын түсіндірді.

«Сот отырысында инспектор Ембергенов өзіне бастығы хаттама толтыруды тапсырғанын, ол соны орындағанын айтты, яғни хаттама толтыруға инспектор Егембердиевтің бастығының бұйрығы себеп болған» деп мәлімдеді сот отырысында Әсел Тоқаева.

Соттың 6 мамырдағы отырысында іс материалдарын Алматы қалалық полициясына жолдау туралы хат бары мәлім болды. 24 сәуірде жолданған хатқа Астана қаласы Нура аудандық полиция бөлімініңбасшысы Мәдиев қол қойған.

«Осы хат сотқа өткен іс материалдарында бұрын болмаған. Оны мен талап еткеннен кейін ғана дайындаған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіз болмағандық бұл хат заңсыз дайындалған деп есептейміз» деді адвокат.

Сөзінің соңында адвокат соттың бірінші инстанциясының шешімін жоюды, Жәмила Маричеваға қатысты әкімшілік өндірісті доғаруды сұрады.

Судья Қанат Молдашев үзіліс жарялады. Апелляциялық шағым бойынша сот шешімі 6 маусымда жарияланады.

13 мамырда Алматы соты журналист Жәмила Маричеваның ProTenge Telegram арнасында Азаттық радиосын қолдап жазған жазбасын "жалған ақпарат" деп тауып, авторға 74 мың теңге айыппұл салды. Арыз берген полицей жазбаның қай тұсы "жалған" екенін білмей шатасты. Ал заңгер мен журналист мұны "сөз еркіндігіне қысым" деп біледі.

2024 жылғы 3 қаңтарда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосының Алматыдағы өкілдігіне "36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде" хат жолдады. Азаттық бұл шешімге қарсылық білдіріп, қаңтардың аяғында сотқа шағым түсірді.

Елдегі жемқорлықты әшкерелейтін материалдар жазатын ProTenge жобасы 30 қаңтарда аккредитация алмаған Азаттық тілшілерін қолдап, Telegram-арнасында шағын пост жариялады. Мәдениет және ақпарат министрлігі интернеттегі ақпарат кеңістігіне мониторинг жасап, "сол жазбада көрнеу жалған ақпарат бар" деген тұжырымға келіп, ішкі істер министрлігіне хат жолдаған.

XS
SM
MD
LG