ҰҚМК мәліметінше, халықаралық «Бауырлар тобы» қылмыстық тобына кірген К. Асанбектің (Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырғандар арасында қазақстандық кәсіпкер де бар.
Арнайы қызметтің мәлімдеуінше, күдікті қылмыс әлемінің дөкейі К. Асанбекпен «Қырғызстанда қолдауға ие болу, бірге бизнес жобалар жүргізу мақсатында» байланыс орнатқан.
Тергеу нұсқасына қарағанда, «Вертекс Голд» алтын өндіру компаниясының жұмысшылары қазақстандық кәсіпкердің бұйыруымен К. Асанбекке ай сайын бір миллион сомнан аударып отырған. Бұған қоса, кәсіпкер Асанбекпен Ыстықкөлде «Барыс» демалыс орталығында бірнеше мәрте кездескен. Кәсіпкер онда жеке ұшақпен ұшып келіп жүрген.
Бішкектің Октябрь аудандық соты В. Жұманбаевты сырттай қамауға алу жөнінде үкім шығарған. Бұған қоса, күдіктіні қылмыстық жауапқа тарту мақсатында оған іздеу жарияланған.
«Қазақмыс» корпорациясы 5 маусымда мәлімдеме таратып, «кәсіпкер Владимир Жұманбаевтың ҰҚМК мәліметтеріндегі құрылымдармен қатысы жоғын» хабарлаған.
«Қазір Жұманбаев еңбек демалысында жүр. Ол құқық қорғау органдарынан жасырынбайды, тергеуге көмектесу дайын» деп мәлімдеген «Қазақмыс».
Владимир Жұманбаев Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкер тізіміне еніп, онда 25-орын алған. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 365 миллион долларға бағалаған. Владимир Жұманбаев «Алтыналмас» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақмыс» директорлар кеңесінің мүшесі.