Туыстарының айтуынша, ол қазір Тәжікстанда тыйым салынған "Группа 24" тобымен қатынасты деген айыппен Душанбенің тергеу абақтысында отыр.
"Тергеуші оның әкесіне хабарласып, Сулаймонның қамауда отырғанын, оған "Группа 24" тобымен байланысты деген айып тағылып жатқанын жеткізген", - дейді Жобировтың туыстарының бірі.
Озоди радиосы бұл бойынша тергеу орындарына хабарласып, бірақ нақты пікір ала алмады. Тек тергеуші оның соңғы он жылдан бері іздеуде жүргенін айтқан.
"Группа 24" тобының өкілі Убайдулло Саиди Сулаймон Жобировтың бұл ұйымға 8 жылдан бері мүше емес екенін, қазір ешқандай байланысы жоқ екенін білдірген.
Сулаймон Жобиров Вахш ауданының тұрғыны, алты баланың әкесі. Соңғы жылдары Самара қаласында жұмыс істеп келген.
"Группа 24" тобын құрған оппозициялық белсенді Умарали Кувват 2015 жылы Стамбұлда белгісіз жағдайда өлтірілді. Тәжікстанда бұл ұйымның қызметін "экстремистік" деп танып, тыйым салынған.